ҚР ЦДИАӨМ бірінші вице-министрі Jetisu Digital IT-хабын аралап, Жетісу облысының тұрғындарымен кездесу өткізді

ҚР ЦДИАӨМ бірінші вице-министрі Jetisu Digital IT-хабын аралап, Жетісу облысының тұрғындарымен кездесу өткізді

2025 жылғы 23 мамырда Жетісу облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Қаныш Аманбайұлы Төлеушин өңірлік Jetisu Digital IT-хабына барды.

Сапар барысында вице-министр IT-хабтың қызметімен, оның инфрақұрылымымен және цифрлық жобаларға, стартаптарға, сондай-ақ ІТ-оқыту бағыттарына көрсетіліп жатқан қолдау шараларымен танысты. Ерекше назар жас IT-новаторлардың жобалары ұсынылған көрмеге аударылды. Онда робототехника, жасанды интеллект, білім беру және төтенше жағдайларға арналған шешімдер саласындағы әзірлемелер ұсынылды. Әр жоба шығармашылықпен, технологиялық жаңашылдықпен және әлеуметтік маңыздылығымен ерекшеленді.

Көрмені аралап шыққаннан кейін Қаныш Аманбайұлы өңір тұрғындарымен кездесу өткізді. Онда Министрлік құзыретіне кіретін бірқатар мәселелер талқыланды: интернетке қолжетімділік, цифрлық мемлекеттік қызметтер, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және жергілікті ІТ-бастамаларды қолдау. Кездесуге ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникациялар комитеті мен Мемлекеттік қызметтер комитеті төрағаларының орынбасарлары да қатысты.

Кездесуден кейін тұрғындарды жеке қабылдау ұйымдастырылды. Онда министрлік өкілдері азаматтардың өтініштерін тыңдап, тиісті түсініктемелер берді.

Сапар ашық әрі конструктивті жағдайда өтті. Бұл — азаматтардың цифрлық даму мәселелеріне деген жоғары қызығушылығын және Министрліктің халықпен тығыз байланыс орнатуға дайын екенін көрсетті.