Наурыз көже пісіріп үйретуге арналған шеберлік сағаты өткізілді

Наурыз көже пісіріп үйретуге арналған шеберлік сағаты өткізілді

Талдықорған қаласында көктемгі күн мен түн теңелетін Наурыз мерекесіне орай мейрамның бас мәзірі Наурыз көже дайындаудың қыр-сырын үйретуге арналған «Жеті дәм» шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Тәжірибе бөлісу сағатына «Jetisu jastary» КММ бастамашы болды. мекеме екі жылдан бері жастарға бос уақытын тиімді өткізу, жаңа дағдылар мен машықтар қалыптастыру мақсатында түрлі тақырыптарда шеберлік сыныптарын өткізіп келеді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Наурыз-көжені дайындау рецепті жайында облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Гүлсағила Асубаева айтып берді. Шеберлік сағатына мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Олардың көпшілігі бұл тағамды осы жерде алғаш рет дайындады.

- Қазақтың ұлттық тағамы Наурыз көжені дайындау - мерекенің басты дәстүрі. Жеті саны қасиетті саналатындықтан, көжеге 7 түрлі дәм қосылады. Әрине, әр әйелдің өз рецепті бар, дегенмен көжеде ет міндетті түрде болуы керек. Бұл әдетте қыстан қалған сүр ет болады. Тағамның әр ингредиентінің өзіндік мәні бар. Мысалы, су – өмірдің символы, жаңа өмірдің бастауы. Үйде әрдайым молшылық болсын деп ет қосады. Және дәнді дақылдар қосады, бұл жерден өнетіннің бәрі бір түйір дәннен өсіп шығатындықтан, ұрпағымыз өсіп-өнсін деген жақсы ырымнан туған. Сонымен қатар ұзақ қыстан шыққан адам ағзасына табиғаттың қуаты, туған жердің күші мен алуан түрлі дәрумендеріне бай бұл тағамның пайдасы зор, - деді Гүлсағила әже. Сабақ барысында тек тағамның қалай дайындалатынын ғана емес, сонымен бірге наурыздың пайда болу тарихы мен қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен құндылықтары жайында да әңгіме өрбітті.

«Jetisu jastary» КММ ұйымдастыру бөлімінің басшысы Арнай Байжұрыновтың айтуынша, бұл іс-шара отбасылық құндылықтарды насихаттауға, өңір жастары арасында ұлттық және рухани дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды насихаттауға бағытталған. Атап өтсек, жыл басынан бері жастар ұйымы 500-ге жуық адамды қамтыған 10 шеберлік сағатын өткізген. Онда жастар түрлі бағыттағы пайдалы жаңа дағдыларға машықтанды. Сол қатарда қыш бұйымдары мен қолөнер бұйымдарын жасауды, тоқу өнерін, макияж жасауды, түрлі тағамдар мен кондитерлік өнімдер дайындауды үйренді.

Мастер-класқа қатысушыларының бірі, Талдықорған қаласының №29 орта мектебінің оқушысы Баянсұлу Бердімұрат:

- Наурыз көжені бүгін алғаш рет әзірледім. Әдетте үйге сүйікті әжеміз келгенде ғана көже дайындалады. Бүгін мен бұл тағамның қалай жасалатынымен қатар мәдениетімізге қатысты біршама ақпаратқа қанықтым. Көжені дайындау қиын емес екен. Бүгін бәріміз бірге дайындаған наурыз көжеміздің дәмін татып көрдік. Енді көжені өзім пісіре аламын! – деді Баянсұлу.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді түсірген: Руслан Кадыров