Мемлекеттік тілді меңгергісі келетін азаматтар үшін Талдықорғандағы Тіл сарайының базасында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы жұмыс істейді. Мұнда мемлекеттік тілді, сондай-ақ орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстары тұрақты түрде тегін өткізіледі. Жуырда осы жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс уақытында курс оқи алмайтындар үшін сағат 18.30-да басталатын арнайы мемлекеттік тілді оқыту тобы ашылды. Жалпы өткен жылдың соңында тіл курстарында 4300-ден астам адам оқыса, оның 2300-ге жуығы мемлекеттік тілді үйренуге барған, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кешкі топтағылар үшін курсты 13 жылдық тәжірибесі бар ұстаз Меруерт Маралбаева жүргізеді. Оның «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында сабақ беріп жүргеніне 4 жылдан асты. Жалпы орталықтың Талдықорған филиалында қазақ тілін үйрететін үш мұғалім бар, олардың әрқайсысының тіл үйретуде ерекше ден қоятын өз әдіс-тәсілдері бар. Әрқайсысы жыл бойына 145-150 адамды оқытады. Курстарды аяқтаған соң білімгерлер сертификат алады.
- Тіл үйрену үшін бір ғана қызығушылық жеткіліксіз. Оған қоса табандылық, шыдамдылық, еңбекқорлық керек. Ең бастысы, сөздік қорыңызды молайтып, күн сайын жеті-сегіз сөз жаттап, мыңнан аса сөзді меңгеріп алсаңыз, жылдам сөйлеп кетесіз. Сондай-ақ үйреніп жүрген тіліңізде ән тыңдап, кітап оқып, жаңалықтар көргеннің пайдасы зор. Оқу барысында тілді белгілі бір деңгейді меңгерген соң үйренушілермен бірге Бикен Римова атындағы драма театрына барып, спектакль тамашалаймыз. Олар толық түсіне алмаса да, тілдік орта олардың тіл үйренуіне зор әсерін тигізеді», - дейді Меруерт Жеңісқызы.
Ұстаздың еңбегі еш кеткен жоқ. Мәселен, оның шәкірті Ангелина Бондарева өткен жылы облыстық «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» байқауында Бас жүлдеге ие болды. Бұл байқау облыстағы тіл орталығының аудандық, қалалық филиалдарының тіл үйренушілерінің арасында өткен болатын.
- Меруерт Жеңісқызы қажетті әдебиеттерді оқу жағынан, басқа да тіл үйренуде маңызды істерде ақыл-кеңесін үнемі беріп отырады. Бейне таныстырылым жасауға жәрдемдесті. Оператормен бірге алып жүріп, орын таңдауға, мәтіндерді түзетуге көмектесті, тіпті көпшіліктің алдына шығатын күні мені қолдайтын топты ұйымдастырып әкелді, бұл маған зор сенім берді. Тәлімгеріме алғысым шексіз. Тіл курстарына ынталы болып келгендер осындай еңбекқор, жауапкершілігі зор мұғалімдердің арқасында көп ұзамай мемлекеттік тілді еркін меңгеретініне сенімдімін, - деді Ангелина.
Меруерт Жеңісқызы ұстаздық тәжірибесінде soyle.kz, kaz_uroki сайттарын көбірек қолдануға, интернет мүмкіндіктерін пайдалануға кеңес береді. Сонымен қатар орталық қызметкерлері әзірлей бастаған «jetisu_til» интернет-қауымдастығы мен «Жетісу облысының тіл орталығы» YouTube-арнасындағы «Сіз білесіз бе» айдарын жиі тыңдаған пайдалы дейді ол.
- Тіл үйрену өте қиын процесс. Бірақ «Бастаған істі аяқтау» деген қағидамен әрекет етсеңіз, бәрі ойдағыдай болады. Бұл менің тіл үйренушілеріме беретін басты кеңесім», - дейді Меруерт Маралбаева.
Жалпы 2023 жылы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығындағы тіл курстарына қабылданғандардың саны мемлекеттік қызметкерлерді, бюджеттік сала қызметкерлерін және қарапайым қала тұрғындарын қосқанда 4301 адам болды. Оның 2267-сі қазақ тілін, 675-і ағылшын тілін, 26-сы орыс тілін үйрену курстарында оқыды. Сонымен қатар облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы мен оның аудандық, қалалық бөлімшелерінде арнайы қысқартылған бағдарлама бойынша 1,5 ай бойы қазақ тілінің ауызекі сөйлеу түрін оқыту мақсатында «Қазақша сөйлейік» тіл үйірмелері өз жұмысын жалғастырып келеді. 2022 жылы тіл үйірмесіне 392 оқушы қатыссы, 2023 жылы 1333 азамат білім алған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.