Ақсу қант зауыты осы жылдың наурыз айында іске қосылып, 40-50 мың тонна қамыс қантын өндіруді жоспарлап отыр. Зауыт қайта жабдықталып, жаңа желілер қойылған, қазір іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үш мың тонна қант құрағын әкелуге келісімшарт жасалған, оған Алажиде темір жол стансысында 7 мың тонналық қойма дайындалды. Қызылша өсіру жеткілікті көлемге жеткізілгенде, зауыт оны да өңдеуге дайын. Бұл туралы Ақсу ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты. Үш сағатқа созылған кездесуде облыс басшысына 30-дан астам сауал қойылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өз баяндамасында Бейбіт Исабаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарына тоқталды.
- Біз жол, ауыз сумен қамту, газдандыру сияқты маңызды мәселелерді бірінші кезекке қойып отырмыз. Өйткені бұл салалар халықтың өмір сүру сапасына, тұрмыс деңгейін жақсартуға тікелей әсер етеді, - деді Б.Исабаев.
Оның айтуынша, облыс өңірлерін табиғи газға қосу кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр. Өткен жылы көгілдір отынға облыстың 12 елді мекені қосылып, 8 мың адам газдың игілігін көруге мүмкіндік алды. Келесі жылдың соңына дейін Сарыөзек-Талдықорған бағыты бойынша 79 елді мекен газ құбырына қосылады, яғни 36,7 мың тұрғын немесе 12,2 мың абонент газға қол жеткізеді деген сөз. Соның нәтижесінде облыс бойынша 382,4 мың адам немесе 52,6% газбен қамтамасыз етіледі.
Жоспар бойынша 2024 жылдың 2 жартыжылдығында «Талдықорған - Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы басталады. Соның нәтижесінде Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 124 мың тұрғыны бар 66 елді мекені газға қосылады. Оның ішінде Ақсу ауданының 26 ауылы, яғни 31997 тұрғыны бар. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді, мамыр айында мемлекеттік сараптама қорытындысы шығады. Алдын ала есептеу бойынша жоба құны - 86,5 млрд. теңге. Осы жобаларды жүзеге асырғанда, 2030 жылға дейін облыс толық газдандырылады.
Халықтың жерге деген мұқтаждығын өтеу жұмыстары жалғасуда. Мәселен, өткен жылы мемлекет меншігіне 128,5 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қайтарылып, 650 мың гектар жайылымдық жер айналымға енгізілді. Осы жылы 220 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қайтарылады деп жоспарланып отыр, оның 216 мыңы - жайылым, 3 мыңы - егістік, 656 гектары - шабындық. Бұл жерлер заңға сәйкес конкурс негізінде айналымға енгізіледі.
Жер қатынастары саласында түйткілді мәселелер Ақсу ауданында әлі де көп. Мәселен, ауданда 500 гектардан астам ауылшаруашылық жерлерді 386 адам иеленіп отырса, соның ішінде 4 азаматтың иелігіндегі жер көлемі 5 мың гектардан асады. Қазір сол игерілмей жатқан жерлерді қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, ауданда жайылымдарды басқару жоспары бекітілмеген. Жоспар бекітілген жағдайда, ауыл тұрғындарының малын жайылыммен қамтамасыз етіп, халық мұқтажын қанағаттандыруға болар еді. Және Жер кодексінің талаптарын сақтау бойынша аудандық жер комиссиясының мүшелерін оқытуды ұйымдастыру керек.
- Ақсу ауданында ирригациялық желілер мен құрылыстарды салу бағытында 2 ірі жоба іске асырылуда. Өткен жылы Қызылағаш суару массивінің құрылысы басталды, республикалық бюджеттен 7,9 млрд. теңге бөлінді. Соның нәтижесінде бұрын игерілмей жатқан 5,3 мың гектар суармалы жер айналымға енгізіледі. Ислам Даму Банкі арқылы да 6,3 млрд. теңгеге ауданның суару желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда жұмыстар тек 70 пайызға орындалған. Мердігер «Томас» ЖШС жұмыс кестесінен кешігіп жатыр, ол туралы Экология министрлігі хабардар етілген. Биыл да жұмысқа кіріспейтін болса, келісімшартты бұзамыз, - деді Б.Исабаев.
Облыс басшысы «Қазсушар» мекемесі ирригациялық желілердегі жұмыстардың барысын қатаң бақылауға алып, вегетациялық кезең басталғанға дейін шаруашылықтарды суармалы сумен толық қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты.
Тұрғын үймен қамту шаралары да ауданда жеткілікті деңгейде қабылданбаған, кезекте тұрғандардың саны жылдан жылға артып келеді. 2021 жылы кезекте 725 адам болса, 2022 жылы – 791, осы жылы 812 адам болды. 2022 жылы тұрғын үй кезегі жылжыған жоқ. Себебі Жансүгіров ауылында 50 пәтерлік үйдің құрылысы аяқталмады. Бұл үй 2021 жылдың қараша айында салына басталған. Келісімшарт бойынша 7 ай ішінде бітіруі керек еді. Алайда мердігер сметалық құнына түзетулер енгізіп, 2022 жылдың маусым айында ғана құрылысқа кіріскен. Қазіргі кезде дайындық деңгейі - 70%, аяқталу мерзімі мамыр айы деп белніленген.
Сонымен қатар осы жылдың тамыз айында Жансүгіров ауылында аумағы 1781 ш.м.болатын 10 жалдамалы тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда, дайындық деңгейі - 45 пайыз. Жансүгіров және Қапал ауылдарының әрқайсысында 20 тұрғын үйдің құрылыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
Өткен жылы Қызылағаш ауылында жеке тұрғын үй құрылысына арналған 30 гектар жерге инженерлік-коммуникациялық желілер тартылып, пайдалануға берілді. Ол үшін бюджеттен 202 млн. теңге бөлінді.
Облыс әкімі өз сөзінде ауданда экономиканың негізгі көрсеткіштері төмендегінін атап өтті, нақтырақ айтқанда өнеркәсіп өнімінің көлемі жағынан облыста ең соңғы орында болса, инвестиция тарту бойынша 7-ші орында тұр. Осы мәселелерге қатысты тиісті шара қабылдануы тиіс.
Өңір басшысы әлеуметтік саланың жай-күйіне де тоқталды. Бұл ретте Сағакүрес ауылында шағын орталығы бар 120 орындық мектептің құрылысы аяқталып, 2023 жылғы 1 наурызға дейін іске қосылады деп күтілуде
Көкөзек ауылында БМК-дан медпункт тұрғызылады, ал осы жылғы наурыз айының соңына дейін Алтынарық ауылында да медициналық пункт бой көтереді. Сонымен қатар биыл Құрақсу, Ойтоған және Кеңғарын ауылдарында блокты-модульдік медициналық пункттері орнатылады. Ол үшін бюджеттен 150 млн. теңге бөлінді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары Көкжайдақ, Қаракөз, Жаңалық ауылдарында 3 фельдшерлік-акушерлік пункт және Ащыбұлақ ауылында медициналық пункт салынады.
Биыл Ақсу ауылындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Жобаның құны - 335 млн. теңге, дайындық дәрежесі - 60%).
2022 жылдың қазан айындағы кездесуде Ақсу ауданының тұрғындары көтерген проблемалық мәселелер бойынша атқарылған шараларға келсек, бүгінгі күні 15 сұрақтың 12-сі шешімін тапты, 3 мәселе бойынша жұмыстар жалғасуда. Олардың көпшілігі әлеуметтік нысандардың жағдайы мен жол сапасына қатысты болған еді.
Осыған байланысты Көшкентал ауылына 180 орындық, Көлтабанға 120 орындық шағын орталықтары бар жаңа мектептер саланады. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны 3,1 млрд. теңге, қазіргі уақытта оның 1,1 млрд. теңгесі бөлінді. Конкурстық рәсімдері жүргізілуде, құрылыс жұмыстары биыл басталып, келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр
Жалпы ауданда 12 мектеп бейімделген ғимараттарда орналасқан. Облыс бойынша биылғы жылы бейімделген мектептердің орнына 3 мектеп салынса, соның екеуі Көшкентал ауылдық округінде бой көтереді. Сондай-ақ, Жансүгіров ауылындағы 1976 жылы салынған Ж.Сыдықов атындағы орта мектептің күрделі жөндеуіне биыл бюджеттен 886 млн. теңге бөлінді. Осы жылы жөндеу жұмыстары жасалады.
Көшкенталдағы мәдениет үйін жөндеу жұмыстары «Ауыл - ел бесігі» жобасының аясында жүргізіледі, 323 млн. теңге бөлініп, конкурстық рәсімдер өтуде. Аталған жұмыстар биылғы жылдың соңына дейін аяқталады.
- Естеріңізде болса, өткен жылғы кездесуде мен халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жоспарланған үйлерден бөлек, тағы бір 60 пәтерлік үйдің құрылысына қаржы қарастыру туралы тапсырма бергенмін. Соған байланысты Жансүгіров ауылындағы арнайы белгіленген жерге мемлекеттік сараптамадан өткен дайын жобаны байланыстыру үшін 8,7 млн. теңге бөлінді. Биылғы жылы үйдің құрылысын бастауға 600 млн. теңге қарастырылып, конкурстық рәсімдер өтуде. Сыртқы инженерлік-коммуникациялық желілерді салудың және абаттандырудың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге бастапқы кезеңде 5 млн. теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталып, 60 отбасы баспаналы болады, - деді Б.Исабаев.
Тұрғындарды толғандыратын сұрақтардың бірі – ауыл аралық қатынас жолдарының тозуы. Осыған орай «Алматы – Өскемен» - «Қапал - Арасан санаторийі» кірме автомобиль жолын жөндеуге биылғы жылы 500 млн. теңге бөлінді. Бұл жалпы құны 1,5 млрд. теңге болатын жобаның құрылысы келесі жылдың қараша айында бітеді. Сондай-ақ, Жансүгіров – Суықсай арасындағы жолға 695 млн. теңге, Суықсай - Ащыбұлақ ауылдары арасындағы жолға 491 млн. теңге бөлініп, тендерлік рәсімдер жүргізілуде. Жолдарды орташа жөндеу жұмыстары сәуір айында басталып, күзде аяқталады.
Молалы айналмалы жолынан Молалы ауылына дейінгі 27 шақырымды, «Ақсу-Жаңалық» жолының 23 шақырымын жөндеудің ЖСҚ-сын аяқтауға биыл 1,5 млн. теңгеден бөлінді. Наурыз айында қорытындысы шығып, құрылыс-монтаждау жұмыстарына тапсырыс беріледі, тамыз айында басталып, келесі жылдың соңына дейін бітеді. Жобалардың құны шамамен 2 млрд. теңгеден асады.
Елді мекендердегі мал жайылымының жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін Қапал ауылдық округіне қарасты 350 га жайылымдық жерге тағы 400 га жер қосылады, бұл ретте оларды шаруа қожалықтары өз еркімен аудан қорына тапсырып жатыр.
Қалған екі мәселенің шешіміне қатысты жұмыстар жүріп жатыр.
Мәселен, Жансүгіров ауылының тұрғыны ұлттық спорт түрлерін дамытуға қолдау көрсету туралы өтініш білдірді. Бұл орайда облыс әкімінің айтуынша, Жетісуда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жанынан Ұлттық спорт түрлері дирекциясы құрылады. Ол 12 спорт түрін қамтиды, соның ішінде тазы және төбет ұлттық ит тұқымдарын өсіру қолға алынбақ.
Жансүгіров ауылының тағы бір тұрғыны 4 жылға жуық уақыттан бері бассейні бар саябақтың жөндеу жұмыстары аяқталмағанын, осыған байланысты балалар мен жастарға, қарт адамдарға бос уақытын пайдалы өткізетін орын жоқ екенін айтты. Сондай-ақ, ауылда жанармай құю станциялары жоқ болғандықтан Сарқан қаласынан жанармай тасуға тура келеді.
Аудан әкімі Е.Базархановтың сөзіне сүйенсек, мердігер алған міндеттемелерін орындамаған, ал сот процестері әлі ешқандай нәтиже бермей отыр. Бейбіт Исабаев жұмысқа үстірт қарау мұндай жағдайлардың белең алуына себеп болып отырғанын атап өтті. «Халық үшін сіздің жаныңыз ауырмайды. Мәселені шешуге тырыспайсыз, оған күш-қайратыңызды жұмсамайсыз. Бұл мәселеге қатысты менен де көмек сұраған жоқсыз», - деді облыс басшысы аудан әкіміне қарата. Бұл жағдай облыстық прокуратураның бақылауында болады. Ал жанармай құю стансысы жөнінде «ҚазМұнайГаз» компаниясымен келіссөздер жүргізу тапсырылды, бұл ретте жанармай құю бекеті ғана емес, ауданға желі қажет.
Бірнеше отбасы бизнестерін дамытуға жәрдемдесуді сұрады. Серіктестік құрып, шиномонтаж қызметін ұсыну үшін өтеусіз грант алған қатысушылар сәтсіздікке ұшыраған, енді гранттың нысаналық мақсаты өзгерілсе екен дейді. Өңір басшысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Д. Серіковке өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жағдайды зерделеп, қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Ауданда, жалпы облыста туризмді дамыту жөніндегі жоспарлар туралы да сауал қойылды. Бұл ретте өңір басшысы жалпы ұзындығы 16 км Балқаш көлінің жағалауында курорттық-рекреациялық аймақты дамыту жоспары толығымен дайын екенін, инженерлік-коммуникациялық желілеріне республикалық бюджеттен қаражат бөлінуі қажет екенін айтты. Сарқан, Ақсу, Ескелді аудандарында және Текелі қаласында тау туризмін дамыту жобалары бар. Бұл жобалар инвесторлармен бірлесіп іске асырылады. Текелі қаласы мен Ескелді ауданының аумағында Президенттің шаңғы-биатлон кешенін салу жөніндегі тапсырмасын, соның ішінде «Текесу» тау-шаңғы курортына қажетті инфрақұрылымды кеңейту мен салу арқылы іске асыру жоспарланып отыр.
Бұрын аты әлемге әйгілі болған «Қапал-Арасан» шипажайының тағдырына алаңдайды. Бұл нысан жеке қолда. Қазіргі кезеңде осы нысанды сатып алған компания минералды суға барлау жүргізуде. Мұнан соң олар бизнес-жоспарларын, курорттың бұрынғы даңқы мен мәртебесін қайтаруға бағытталған нақты қаржылық моделін ұсынады.
Үш сағаттық кездесу барысында облыс әкіміне түрлі тақырыптарда 30-ға жуық сұрақ қойылды. Олардың басым бөлігі жер қатынастары, қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды жөндеу мен салу жұмыстарына қатысты болды. Қызылша өсіруді одан әрі дамыту жоспарларының жайы да тұрғындарды қызықтырды. Олар жол жөндеу, көше жарығын орнату, арық жүйелерін төсеу мәселелерін де көтерді. Ешбір сұрақ жауапсыз қалған жоқ, бәріне де тиісті түсініктемелер беріліп, жауапты тұлғаларға қажетті міндеттер жүктелді. Сондай-ақ өңір басшысы Ақсу ауданында ауқымды жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті, өйткені көрсеткіштері төмен, жоспарлары айқын емес, сондықтан аудан басшылығының орнында қалу-қалмау мәселесі қаралуы да мүмкін.
Кездесуді қорытындылай келе, облыс әкімі Бейбіт Исабаев жылдар бойы қордаланған проблемаларды бір мезетте шеше салу мүмкін еместігін, бірақ бұл проблемалардың барлығы да кезең-кезеңімен шешілетінін, бірінші кезекте өңір халқының өмір сүру деңгейі мен сапасына тікелей әсер ететін ең өткір мәселелер назарға алынатынын атап өтті.
Ауданға барған жұмыс сапарында өңір басшысы Ақсу қант зауытын іске қосуға дайындық барысымен танысып, жұмыс барысын «Ақсу қант» ЖШС Бас директоры Самат Надирбаевпен бірге талқылады. Жаңа желінің енгізілуінің арқасында зауыт наурыз айында қант қамысын өңдеуге кіріспек. Соның нәтижесінде шамамен бір маусымда 50 тонна қант өндіріледі. Мұнда 550 жұмыс орны құрылған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.