Жетісу облысында жастарға кеңес беріп, бағыт-бағдар көрсету, жұмыспен қамту, жеке ісін ашуға грант беру сияқты мемлекеттік қолдау тұрақты көрсетілуде. Соның нәтижесінде облыстағы NEET санатындағы жастар саны 7219-дан 2 792-ге, яғни 61% қысқарған, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, былтыр «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы бойынша жалпы көлемі 30 млн теңге көлеміндегі грантты он жетісулық жас иеленген. Бұл жоба ауылда тұратын, жұмыссыз ретінде тіркелген 34 жасқа дейінгі жастарға арналған. Грант иегерлері балық шаруашылығы, асыл тұқымды мал өсіру, сүт өңдеу, агротуризм, киім тігу сияқты бірқатар бағыттарда бастамаларды қолға алған.
Солардың бірі Анель Елубаева өткен жылы жоба аясында 3 млн теңге қайтарымсыз гранттың арқасында өзінің жеке ісін ашты.
- Грант қаражаты менің Талдықорған қаласындағы сауда үйлерінің бірінен ұлттық киімдер тігіп, жалға беретін орын ашуыма септігін тигізді. Бұған дейін менің жұмыс тәжірибем болған жоқ. Медицина колледжін бітіргеннен кейін тұрмыс құрып, бала сүйіп, үй шаруасымен айналыстым. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгін өз жеке ісімді жүргізіп отырмын, - дейді А. Елубаева.
Ал биыл «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасына облыстық бюджеттен 38 млн теңге бөлініп, қажетті мемлекеттік қолдауға ие болғысы келетін азаматтардың жобалары қазіргі кезде конкурстық іріктеуден өтуде.
Сол сияқты өңірде жастарға жұмысқа орналасу, кәсіби бағдар беру және әлеуметтік бейімделу мәселелері бойынша қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта былтыр NEET санатындағы және ауыл жастарына арналған Жастармен жұмыс орталығы құрылған болатын. Осы орталық пен облыстағы жұмыс берушілер арасында жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған 100 меморандумға қол қойылды. Қазіргі таңда жұмыссыз жастарға 263 бос жұмыс орны ұсынылып отыр. Олардың арасында дәрігер-нарколог, колледждегі орыс тілі пәнінің мұғалімі, балабақша тәрбиешісі және басқа да мамандықтар бар.
Оған қоса Талдықорған қаласында биыл наурыз айында ашылған «Jastar INFO» орталығы бүгінде жастарға бағыт-бағдар беруде жемісті жұмыс істеп келеді. Кез келген жас азамат мұнда мемлекеттік қолдау шаралары, жұмыс іздеу және қажетті өтініштерді рәсімдеу бойынша толық ақпарат ала алады.
- «Jastar INFO» консультациялық пункті мен NEET санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі орталықтың бірлескен «Qosyl» кешенді жобасы аясында 7 мыңға жуық жас ақпараттық-консультациялық қолдаумен қамтылды. Сондай-ақ облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, «Жасыл ел» еңбек жасақтары арқылы 635 жас маусымдық жұмыспен қамтылды, - дейді облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Жанерке Бексейітова.
Талдықорған қаласының Мансап орталығының басшысы Азамат Балтабековтің айтуынша, жастар орталықтарымен бірлесіп жастарды жұмыспен қамту шараларына тарту мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіледі, соның ішінде бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің рөлі үлкен.
– Жуырда өткізілген ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 100 кәсіпорын тарапынан 400-ден астам жұмыс орны ұсынылды. Олардың қатарында «ТАТЭК» АҚ, «Қайнар АКБ» зауыты, «Темірбетон» және басқа да кәсіпорындар бар. Жәрмеңкеге 700-ге жуық адам қатысты. Сонымен қатар биыл «Жастар практикасы» аясында 380 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 60%-дан асты. Мансап орталығы арқылы жастар бір жыл бойы жұмыс істеп, 30 АЕК мөлшерінде жалақы алады. Биыл оның көлемі 129 500 теңгені құрады. Егер қызметкер өзін жақсы маман ретінде танылса, кейін тұрақты жұмысқа қалуға мүмкіндігі бар, – деді ол.
Бір атап өтерлігі, жұмысты жүйелеу мақсатында заманауи цифрлық тәсілдер енгізілуде. Мәселен, биыл «FSM Social» ақпараттық жүйесінің көмегімен жұмыссыз жастарды бірыңғай есепке алу және олармен жүргізілетін жұмысты жүйелі түрде бақылау қамтамасыз етілуде. Ал жауапты мемлекеттік органдардың қызметі цифрлық бақылауға көшіріледі. Қазіргі таңда бұл платформаға 2 800-ге жуық жастың деректерін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл NEET санатындағы жастармен жүргізілетін жұмысты бірыңғай есепке алуға, олардың әлеуметтік жағдайы мен қабылданып жатқан шараларға тұрақты цифрлық мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Жалпы, Жетісу облысында 14 пен 35 жас аралығындағы 186 мың жас бар, соның жүз мыңнан астамы ауылдық жерде тұрады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов