
Жетісу облыстық «Jetіsý jastary» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен жастарды ақпараттандыру, қолдау көрсету және қоғамдық белсенділікке тарту мақсатында «Qosyl» мобильді тобының Қаратал ауданы, Үштөбе қаласы, К.Тоқаев атындағы скверде «Qosy Fest» фестивалі өтті. Іс-шараның мақсаты-жастардың кәсіби және әлеуметтік дамуына ықпал ету, құқықтық сауаттылығын арттыру, шығармашылық белсенділігін қолдау және салауатты өмір салтын насихаттау. Фестиваль заманауи форматта өтіп, жастарға арналған түрлі бағыттағы мүмкіндіктерді бір алаңда ұсынды.
Фестиваль барысында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, Мансап орталығының директоры Д.Ашықбаев «Бастөбе сернвистік техникалық колледжі», «Үштөбе қаласының гуманитарлық колледжі», «Жанұя орталығы» қатысушыларға бос жұмыс орындарын ұсынып, еңбек нарығындағы мүмкіндіктер мен мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат берілді. «Бастөбе сернвистік техникалық колледжі», Үштөбе қаласының гуманитарлық колледжінің, өкілдері оқу бағыттары мен мамандықтар жөнінде таныстырып, талапкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар «Адал азамат» бағыты аясында жастарға адалдық, жауапкершілік, еңбекқорлық және азаматтық ұстаным құндылықтары түсіндірілді.
«Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында құқық саласы бойынша Қаратал аудандық прокуратурасының прокуроры Қайділда Еркебұлан Қуатұлы және Қаратал аудандық полиция бөлімі қатысып, жастарға құқықтық кеңес берді. Қатысушылар интернет-алаяқтық, әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер, жалған инвестициялық жобалар, банк карталары мен жеке деректерді заңсыз пайдалану жағдайлары жөнінде сұрақтар қойды. Мамандар мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдарын түсіндіріп, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарау, жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу және қаржылық қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша нақты ұсыныстар берді. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, жастар өздерін қызықтырған сұрақтарға толыққанды жауап алды. Қатысушылар құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Іс-шара жастардың құқықтық білімін кеңейтуге, заң талаптарын құрметтеуге және құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал етті. Кездесу барысында азаматтардың құқықтары мен міндеттері, еңбек және әлеуметтік қатынастар, әкімшілік жауапкершілік және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері түсіндірілді.
Бағдарлама аясында концерттік қойылымдар, спорттық жарыстар және түрлі интерактивті алаңдар ұйымдастырылып, жастар белсенді қатысты. Шығармашылық және ойын-сауық форматындағы іс-шаралар олардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік берді.
Фестиваль соңында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп, қатысушылар К.Тоқаев атындағы сквердің аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді. Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бұл бастама кең қолдау тапты. Жалпы іс-шара жастардың жан-жақты дамуына, құқықтық және азаматтық мәдениетінің артуына, кәсіби бағдар алуына және қоғамдық белсенділігінің күшеюіне ықпал етті.