
Текелі қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында «Таза қала – таза табиғат» атты экофестиваль ұйымдастырылды. Іс-шараны «Шарапат-Сауап» корпоративтік қоры өткізіп, оған мемлекеттік қызметшілер, білім саласының мамандары, «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы, «Текелі Су құбыры» ШЖҚ МКК, қалалық аурухана, кітапхана, мансап орталығының өкілдері мен қала жастары қатысты. Экофестивальдің алғашқы бөлігінде қатысушылар экология және қоршаған ортаны қорғау тақырыбындағы танымдық викторинаға қатысып, өз білімдерін сынады. Табиғатты қорғау, қаланың тазалығын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қатысты сұрақтарға дұрыс жауап берген белсенділерге ұйымдастырушылар арнайы сыйлықтар табыс етті. Одан кейін қатысушыларға қоқыс жинауға арналған қаптар таратылып, олар қалалық саябақтан Қаратал өзеніндегі көпір арқылы «Достық» шағынауданына апаратын жол бойын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Табиғатты қорғау акциясы барысында ерекше белсенділік танытып, ең көп қоқыс жинаған қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шараға қатысқан «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкері Жазира Құлжанова мұндай бастамалардың маңыздылығына тоқталып: «Бүгінгі экофестиваль өте қызықты әрі пайдалы өтті. Экологияға қатысты білімімізді толықтырып, табиғатты қорғаудың маңызын тағы бір мәрте түсіндік. Осындай игі бастамаға қатысып, туған қаламыздың тазалығына өз үлесімізді қосқанымызға қуаныштымын. Мұндай шаралар тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыра түседі», – деді.
Мұндай экологиялық акциялар қоғамның табиғатқа деген жанашырлық көзқарасын қалыптастырып қана қоймай, тұрғындарды туған жердің тазалығын сақтауға үндейді. Қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Сондықтан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы осындай игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенім мол.