Патриоттық акциялар мен туристік бағыт жорықтары: Жетісуда Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтуде

Патриоттық акциялар мен туристік бағыт жорықтары: Жетісуда Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтуде

Жетісу облысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай таулы туристік бағыт бойынша жаппай сауықтыру акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға спортшылар, жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер мен салауатты өмір салтын ұстанатын, табиғат аясында белсенді демалысты қолдайтын жергілікті тұрғындар қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Акцияның негізгі мақсаты – мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру, жастар арасында патриоттық құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ бұқаралық спорт пен белсенді өмір салтын дамыту. Қатысушылар табиғат аясында жаяу жорық жасап, өңірдің көрікті жерлерімен танысты.

Іс-шара Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мерекелік шаралар аясында өткізілді.

Акция «I Love Tekeli» бақылау алаңынан басталды. Салтанатты ашылу рәсімінде қатысушылар Қазақстанның Мемлекеттік Әнұранын орындады. Мұнан соң өңірдегі танымал туристік бағыттардың бірі «Аютабан» бағыты бойынша жолға шықты. Көркем табиғат көріністері мен таудың таза ауасынан ерекше әсер алған белсенді демалыс әуесқойлары теңіз деңгейінен 1332 метр биіктікке көтерілді. Көпшілік үшін бұл шара тек спорттық сынақ қана емес, уақытты пайдалы өткізуге, пікірлес жандармен танысуға және туған өлкенің жаңа көрікті жерлерін ашуға мүмкіндік берді.

Арнайы олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, Қазақстан Республикасының бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем және Азия чемпионы Дидар Өтелбаев былай дейді:

- Спорт адамдарды біріктіреді, ерік-жігерін шыңдап, мінездің беріктігін қалыптастырады, Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелейді. Бүгінгі жорық Текелі тұрғындарының осындай іс-шараларға белсенді қатысуға дайын екенін көрсетті. Әсіресе бұл акцияның Мемлекеттік рәміздер күні аясында өтуінің маңызы үлкен, өйткені мемлекеттік рәміздер бізді жаңа жетістіктер мен жеңістерге жігерлендіреді, — деді Дидар Өтелбаев.

Сондай-ақ «Делай добро! Текелі» еріктілер қозғалысының жетекшісі Халида Құсанова жастардың мұндай бастамаларға қатысуының оң ықпалы зор екенін айтады.

- Мұндай іс-шаралар қоғамдық белсенділікті дамытуға және еріктілердің патриоттық тәрбиеге үлесін қосуына мүмкіндік береді. Әртүрлі жастағы адамдардың ортақ мақсат жолында бірігіп, бір-біріне қолдау көрсетіп жатқанын көріп қуандық, — деді Халида Құсанова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара патриоттық рухты нығайтуға, ішкі туризмді дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Атап өтсек, ертең Мемлекеттік рәміздер күніне орай Жетісу облысында «35 ауыл – 35 Ту тұғыры» атты бірыңғай патриоттық жоба бастау алады. Жоба аясында бір мезетте 35 ту тұғырының салтанатты ашылуы жоспарланып отыр.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Фотосуреттерді Текелі қаласының әкімдігі ұсынды, 

сол сияқты облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды.