
Қоғамның тұрақты дамуы мен азаматтардың қауіпсіз өмір сүруі ең алдымен заң үстемдігіне, қоғамдық тәртіпке және әр адамның жеке жауапкершілігіне негізделеді. Осы тұрғыда жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру - әділетті әрі өркениетті қоғам құрудың басты алғышарттарының бірі. Саналы, белсенді және құқықтық сауатты ұрпақ - мемлекеттің болашағын айқындайтын маңызды күш.
Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясын насихаттау аясында «Legal Talk: ашық микрофон» форматында жастар форумы ұйымдастырылды. Аталған іс-шара жастар мен мемлекеттік органдар арасында ашық әрі еркін пікір алмасуға мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналды. Форумның негізгі мақсаты - жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдағы өзекті құқықтық мәселелерді талқылау және заң мен тәртіпті сақтаудағы азаматтық жауапкершілікті түсіндіру болды.
Форумның басты ерекшелігі - ашық микрофон форматы, ол қатысушыларға өз ойларын еркін жеткізіп, көкейдегі сұрақтарын тікелей сала мамандарына қоюға мүмкіндік берді. Кездесу барысында қоғамдық қауіпсіздік, заң талаптарын сақтау, жастардың құқықтары мен міндеттері, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Іс-шарада Жетісу облысы әкімінің орынбасары Көлбаев Марлен Қапашұлы, Жетісу облысының прокуроры Жұмаканов Бауыржан Альбертұлы, Жетісу облысы Полиция департаментінің бастығы Құсайынов Сарқытбай Закирович, Жетісу облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Құрбанов Мирас Мұратұлы, сондай-ақ Жетісу облысы Әділет департаментінің басшысы Бексұлтан Жандос Елмұратұлы спикер ретінде сөз сөйледі. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, құқықтық мәдениетті дамытудағы өзекті бағыттарды атап өтті.
Форумға 200-ге жуық жас қатысты. Бұл жастардың қоғамдағы құқықтық мәселелерге деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетті. Шара жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеуге және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Аталған форум мазмұнды пікір алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар жауапты әрі құқықтық санасы қалыптасқан қоғам құру жолындағы нақты бастама ретінде ерекшеленді.