Жетісуда шағын футболдан ауқымды турнир ұйымдастырылды

Жетісуда шағын футболдан ауқымды турнир ұйымдастырылды

Жетісу облысында жұмыс істейтін жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау мақсатында «BZR league» атты шағын футболдан ауқымды спорттық турнир сәтті өткізілді. Биыл бұл турнир жастардың өткен маусымдағы жоғары қызығушылығы мен белсенді қатысуының нәтижесінде екінші рет ұйымдастырылды. Турнирдің негізгі мақсаты – жастарды бұқаралық спортқа тарту, шағын футболды дамыту, физикалық белсенділікті арттыру арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру, сондай-ақ жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне бағытталған тиімді коммуникациялық алаң құру болды. Жарысқа базарларда, көтерме сауда орталықтарында, супермаркеттерде, сауда желілерінде және түрлі сауда нүктелерінде жұмыс істейтін жастар қатысты. Олар бос уақыттарында спорт алаңына жиналып, адал әрі ашық бәсекелестік жағдайында командалық дағдыларын жетілдіріп, тәжірибе алмасты. Аталған бастама жаңа байланыстар орнатуға, серіктестік қатынастарды дамытуға және кәсіби ортадан тыс достық қарым-қатынастарды нығайтуға мүмкіндік берді. Турнирге жалпы саны 60 адам қатысты.

Жобаның негізгі міндеттері – жастар арасында спорттық мәдениет пен белсенді өмір салтын қалыптастыру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, сондай-ақ тәртіптілік, жауапкершілік және командалық өзара іс-қимылды дамыту болды. Жарыстар кезең-кезеңімен өтті: алдымен командалар топтық кезеңде бақ сынасып, кейін үздік командалар плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Финалдық ойындардың қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, арнайы жүлделер мен ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Осылайша, «BZR league» тек спорттық жарыс қана емес, жастарды біріктіруге, олардың денсаулығын нығайтуға, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік деңгейін арттыруға, сондай-ақ сауда саласында жұмыс істейтін жастардың әлеуметтік белсенділігін күшейтуге бағытталған маңызды әлеуметтік бастамаға айналды.