Жастар мен реформа: Жетісуда «Open Talk: Таңдау уақыты» кездесуі ұйымдастырылды

Жастар мен реформа: Жетісуда «Open Talk: Таңдау уақыты» кездесуі ұйымдастырылды

Жетісу облысында Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформаны түсіндіруге арналған «Open Talk: Таңдау уақыты» атты ашық микрофон форматындағы кездесу өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарға конституциялық реформаның мәні мен маңызын кеңінен түсіндіру, Конституцияға енгізілген өзгерістер туралы ақпарат беру және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру болды.

Кездесу барысында қатысушыларға конституциялық реформаның негізгі бағыттары мен жаңашылдықтары таныстырылып, олардың қоғам мен мемлекет дамуына әсері туралы айтылды. Сонымен қатар жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуының маңыздылығы талқыланды.

Шараға «Талдықорған жоғары аграрлық-технологиялық колледжінің» студенттері қатысып, өз пікірлерін еркін білдіруге мүмкіндік алды. Ашық диалог алаңында студенттер түрлі сұрақтар қойып, өз ұсыныстарымен бөлісті.

Дөңгелек үстелдің спикерлері ретінде «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Қуаныш Мүслімұлы және «Жетісу жастары» КММ директорының орынбасары Ақыл Сәрсекбай сөз сөйледі. Олар жастарға конституциялық реформаның мазмұнын жан-жақты түсіндіріп, студенттердің сұрақтарына толық жауап берді.

Сонымен қатар «Ашық микрофон» айдары аясында жастардың жаңа идеялары мен ұсыныстары тыңдалып, олардың пікірлері мен сұраныстарына ерекше көңіл бөлінді.

«Open Talk: Таңдау уақыты» кездесуі жастардың пікір алмасуына, қоғамдағы өзгерістерді талқылауына және өз көзқарастарын еркін жеткізуіне мүмкіндік берген маңызды диалог алаңына айналды. Алдағы уақытта осындай кездесулерді Жетісу облысының барлық аудандары мен қалаларында өткізу жоспарланып отыр.