
«Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Бір ту – бір Отан» атты ерекше патриоттық акция өтті. Аталған бастама ел тәуелсіздігін ұлықтауға, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға және қоғамдағы бірлік пен келісім құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.
Акцияның басты ерекшелігі – қала аумағындағы әртүрлі этнос өкілдерінің бірлесіп, жеке кәсіпкерлік нысандарына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын ілу рәсімін ұйымдастыруы болды. Бұл игі іс көпұлтты қоғамның ортақ құндылықтарға деген құрметін және ел болашағы жолындағы бірлігін айқын көрсетті.
Іс-шара барысында этномәдени бірлестіктердің мүшелері, Ассамблея жастары, белсенді еріктілер мен кәсіпкерлер бірлесе отырып, ғимараттардың маңдайшалары мен кіреберіс бөліктеріне Мемлекеттік Туды ілді. Шара аясында қатысушылар қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, Тәуелсіздік күніне арналған патриоттық челлендждер ұйымдастырып, фото және бейнематериалдар дайындады.
Акцияның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерді мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуге ынталандыру, этносаралық татулықты нығайту, Қазақстан халқының көпұлтты бірлігін дәріптеу және жастар мен қала тұрғындарының патриоттық рухын арттыру.
«Бір ту – бір Отан» акциясы – бейбітшілік пен келісім мәдениетін, ортақ Отанға деген сүйіспеншілікті және тәуелсіздіктің маңызын терең сезіндіретін тағылымды бастама болды.