Жетісу облысының Мемлекеттік қызмет істері департаменті мен «Jetisy jastary» КММ бірлесіп ұйымдастырған «Адалдық менен басталады» дебат турнирі қаланың жастары үшін маңызды зияткерлік алаңға айналды. Іс-шара қоғамда адалдық қағидаттарын нығайтуға, ашықтықты насихаттауға, сондай-ақ жастардың ой-өрісін кеңейтуге және мәдени пікірталас жүргізу дағдыларын дамытуға бағытталды.
Турнирдің ресми ашылу салтанатына Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Манап Қобылан Тоқбергенұлы қатысты. Ол қазіргі қоғамдағы адалдықтың рөлі, парыз бен жауапкершілік мәдениеті туралы пікір бөлісіп, қатысушыларға сәттілік тілеп, пікірсайыс турнирінің жастар үшін маңызын атап өтті.
Зияткерлік додаға Талдықорған қаласының оқу орындарынан жасақталған 8 мықты команда қатысып, АПФ форматы бойынша пікірталас жүргізді. Қатысушылар өз ойларын анық және дәлелді жеткізу, қарсы тараптың уәждерін жоққа шығару және көпшілік алдында сенімді сөйлеу дағдыларын шыңдады. Әр раундта олар өзекті әлеуметтік, саяси және этикалық мәселелерді талқылап, түрлі көзқарастарды жан-жақты саралады.
Ойын қорытындысы бойынша:
І орын – «жас пен кәрі» командасы
ІІ орын – «эрудит» командасы
ІІІ орын – «law stars» командасы
«Үздік спикер» – Байғали Айнел Төлеубайқызы
Жүлделі орын алған командалар арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Турнирдің мақсаты жастарды дебат жүргізу дағдыларына үйрету ғана емес, олардың азаматтық белсенділігін арттыру, әділдік пен адалдыққа негізделген шешім қабылдау мәдениетін қалыптастыру болды. Іс-шара барысында студенттер көшбасшылық, командалық жұмыс, логикалық ойлау және өз ұстанымын дәлелді түрде қорғау сияқты маңызды дағдыларын жетілдірді.