Ескелді ауданындағы ең ардақты мерекелердің бірі – Мұғалімдер күні аудан көлемінде жоғары деңгейде аталып өтті. Ұлағатты ұстаздар қауымына деген ерекше құрмет пен алғыс Аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада білдірілді.
Мерекелік салтанатқа аудан әкімінің орынбасарлары, білім саласының ардагерлері, мектеп директорлары және ауданымыздың білімді ұрпағын тәрбиелеп жүрген еңбегі ерен ұстаздар қатысты.
Салтанатты жиынның шымылдығын ашқан аудан әкімінің орынбасары Жанар Қанатқызы барша ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қоғам дамуындағы еңбегінің баға жетпес екенін ерекше атап өтті.
Мерекелік кештің ең әдемі сәті – Мәдениет үйінің өнерпаздары және талантты оқушылар дайындаған тамаша концерттік бағдарлама болды. Сахнадан ұстаздарға арналған арнау әндер шырқалып, өлеңдер оқылды. Шәкірттердің жүректен шыққан жылы лебіздері мен өнерлері мұғалімдер қауымына үлкен қуаныш сыйлады.
Ұстаз - ұлы тұлға. Сіздер - біздің ауданымыздың және еліміздің жарқын болашағын қалыптастырушыларсыз. Осы мерекелік шара ұстаздардың еңбегін бір сәт ұмытпай, оларға деген құрметімізді көрсетуге тамаша мүмкіндік берді.
Барлық ұстаздарға мықты денсаулық, шығармашылық табыс және отбасыларыңызға амандық тілейміз!