Жетісу облысында «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында ерекше мазмұнға ие, мағыналы да мәнді «Адалдық Жжолдауы» атты акция ұйымдастырылды. Бұл бастама - қоғамда заңға бағынудың, тәртіпке мойынсұнудың маңыздылығын кеңінен насихаттауға бағытталған, жастардың бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерді қалыптастыруды мақсат еткен игі шара. Акция аясында қатысушыларға ел тарихында әділдік пен адалдықтың жарқын үлгісін көрсеткен тұлғалардың суреттері мен ұлағатты сөздері жазылған парақшалар таратылды. Мәселен, Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпке бағынған құл болмайды», немесе Дінмұхамед Қонаевтың: «Ел сенімін ақтау - ең қасиетті борыш» деген тағылымды сөздері жастарға өнеге ретінде ұсынылды. Парақшаның екінші бетіне әрбір қатысушы өз ой-толғанысын, адалдық жайлы тілегін немесе жүректен шыққан шынайы лебізін жазып, оны келесі адамға жолдайды. Осылайша, акция эстафета түрінде жалғасып, әділет пен адалдықты қоғамда кеңінен дәріптеуді, бұл құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп жеткізуді көздейді. «Адалдық Жолдауы» - әділ қоғам құру жолындағы сенімді қадам. Бұл бастама жас ұрпаққа рухани бағыт-бағдар беріп, олардың бойында әділетке ұмтылу, адал ойлау және шынайы әрекет ету сияқты ізгі қасиеттерді тәрбиелейді. Сенім мен жауапкершілікке негізделген қоғам құруға үлес қосатын бұл акция - болашаққа жолдаған үміт пен сенімнің жарқын көрінісі.