Жетісу облысында тарихи дата - Конституцияның 30 жылдығына арналған шаралар өңірдің барлық аудан-қалаларын қамтып, шамамен 300-ге жуық іс-шара өткізіледі деп межеленіп отыр. Соның ішінде тұрғын үйлер, жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар, бизнес насындары ашылады деп жоспарланған. Сол сияқты азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, мерейтойлық дата аясында Кербұлақ ауданында 60 пәтерлі көпқабатты үйдің, Қаратал ауданы Үштөбе қаласында 10 тұрғын үйдің кілттері жергілікті тұрғындарға табысталатын болады. Сол сияқты Көксу ауданында балабақша, балалар ойын алаңы, «Жанұя» қолдау орталығы іске қосылса, Алакөл ауданы, Үшбұлақ, Қызылқайың ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылады деп күтілуде. Соның ішінде 30 жылдыққа 30 іс-шара өткізуді жоспарлап отырған Панфилов ауданында 6 жаңа медицина нысаны, 1 жаңа мектеп, жөндеуден кейінгі 2 мектеп, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында темір өңдеу зауыты, Жаркент қаласында жүгері кептіру цехы, "Сарыөзек – Көктал" бағытындағы «Қойбын» көпірі қолданысқа беріледі.
Жетісу облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы да бұл мерекелік шараға өз үлесін қосып, диалог алаңын құрып, семинар тренинг, мерекелік жиын өткізбекші.
Сондай-ақ құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында заңгерлермен, депутаттармен, қоғам белсенділерімен кездесулер өткізіледі. Түрлі спорттық жарыстар, музейлерге экскурсиялар ұйымдастырылады.
Атап өтсек, өңірде өткізілетін шаралар заңды қастерлеуге үндеу, «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстанудың маңызын паш ету, ел дамуының жаңа кезеңіндегі Конституцияның рөлін айшықтауға бағытталып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.