«Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының XXI маусымы Алакөлде салтанатты түрде ашылды

«Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының XXI маусымы Алакөлде салтанатты түрде ашылды

2025 жылғы 11 шілде күні Алакөл ауданы, Ақши ауылындағы «Жалын» жазғы лагерінде «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының XXI жұмыс маусымының салтанатты ашылуы өтті.

Аталған іс-шараға облысымыздың барлық аудан-қалаларынан жиналған
180-ге жуық белсенді жас қатысты. Салтанатты бөлімнен кейін «Жасыл Ел» сарбаздары қоршаған ортаны қорғау бағытындағы алғашқы жұмыстарын бастап, Алакөлдің жағалау аумағын қоқыстан тазарту акциясын өткізді. Бұл шара жастардың экологиялық мәдениетін арттыруға және өңірдің туристік аймақтарын таза ұстауға бағытталған.

2025 жылы «Жасыл Ел» бағдарламасы аясында жұмыссыз және NEET санатындағы 635 жасты маусымдық жұмыспен қамту жоспарланған.

2023-2024 жылдар аралығында облыс бойынша 1 270 жас маусымдық жұмыспен қамтылды. 2023 жылдан бастап облыс аумағында «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының қатысуымен бірқатар экологиялық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Атап айтқанда, 3 500-ге жуық ағаш көшеті отырғызылып, 250 шақырым арық жүйелері тазартылды. Сонымен қатар, 70 гектар аумақта шөп шабу жұмыстары жүргізіліп, 130 тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар жиналып, арнайы полигондарға жеткізілді. Бұған қоса, Алакөл көлінің жағалауында 7 қоқыс контейнері орнатылды.