
Талдықорғанда «Адал еңбек – адал табыс» атты бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Шараны қалалық Мансап орталығы мен «AMANAT» партиясының жастар қанаты – «Жастар рухы» бірлесіп ұйымдастырды.
Жәрмеңкеде өңірдің 15 жұмыс берушісі 80-нен астам бос жұмыс орнын ұсынды. Ұсынылған бос орындардың басым бөлігі – жұмысшы мамандықтарға арналған.
Іс-шараның басты мақсаты – жұмыс іздеуші азаматтарға, соның ішінде жастарға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, колледж және ЖОО түлектеріне, сондай-ақ пробация қызметінде есепте тұрған тұлғаларға жұмыспен қамтылуға мүмкіндік беру.
«Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Қуаныш Сайлаубайдың айтуынша, мұндай жәрмеңкелер ай сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады және олар жұмысшы кадрларды қолдауға бағытталған.
Жәрмеңке аясында субсидияланатын бағдарламалар бойынша да ұсыныстар болды. Атап айтқанда: «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты», «Алғашқы жұмыс орны», жастар практикасы және тағы басқа жобалар.
Мұндай іс-шаралар халықтың жұмыспен қамтылуына оң әсер етіп, жалпы қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен әл-ауқаттың артуына ықпал етеді.