Бүгін облыс орталығы Талдықорған қаласында Қазақстан мәслихат депутаттарының бірлестігінің есептік отырысы өтті. Оған Жетісу облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев, «Қазақстан мәслихат депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев, «Мемлекеттік және басқару институты» КБМ ректоры Әбікен Тоқтыбеков, сол сияқты барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихат төрағалары, Парламент Сенатының жанындағы Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшелері қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев өз сөзінде өңірде әкімдік пен мәслихаттың өзара бірлесе жұмыс істеуінің маңызына тоқтала келе, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жайлы қысқаша баяндап берді. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша депутаттық сауалдардың 50%-ға жуығы 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджетті қалыптастыру кезінде қолдау тапқан. Олардың ішінде білім беру және денсаулық сақтау нысандарын салу, жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру және тағы басқа іс-шаралар бар.
Жиында облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева модераторлық етті. Ол өз сөзінде барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттардың әкімдіктермен, сол сияқты Қазақстан халқы Ассамблеясымен, қоғамдық кеңестермен, үкіметтік емес ұйымдармен, жастармен және басқа да қоғамдық ұйымдармен бірлесіп атқарған жұмыстарына тоқталды. Сол сияқты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы аясында тұрғындармен кері байланыс орнату жұмысын ілгерілету бағытындағы іс-шаралар жайлы да айтып өтті.
- Өкілеттіктің барлық кезеңінде, яғни 2023 жылдан бері депутаттар жеке мәселелері бойынша 553 қоғамдық қабылдаулар өткізді, олардың барысында 1171 адам қабылданды, нәтижесінде 237 депутаттық сауал жолданды 871 мәселе оң шешімін тапты. Халықты тұрғын үй және жермен қамтамасыз ету, мүгедектер құқықтарын қорғау, аз қамтамасыз етілген халық топтарына әлеуметтік көмек жасау, жұмыспен қамту мәселелері қаралып, сайлаушылар мүдделерінің орындалуына бағытталған шаралар іске асырылды, - деді Г. Тойлыбаев.
Отырыстың күн тәртібінде қаралған бірінші мәселе бойынша Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігінің қызметі жөнінде бірлестік төрағасы Төлеубек Мұқашев баяндап, ұйымның өңірлердегі жұмысының жай-жапсары талқыланды.
Қарастырылған екінші тақырып аясында ҚР Парламенті Сенаты жанындағы мәслихаттармен өзара іс-қимыл кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылған ұсыныстарды іске асыру тетіктері туралы мәселесі сөз болды. Бұл ретте қатысушылар мәслихаттар қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстарды жүзеге асыру жолдарын талқылады. Атап айтқанда, депутаттардың кәсіби біліктілігін арттыру, мәслихаттың институт ретіндегі дербестігін күшейту, өңірлерді әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытуға белсенді қатысу, халықтың депутаттарға деген сенімін арттыру сияқты мәселелер жөнінде пікір алмасты. Соның негізінде отырыс соңында бірқатар шешімдер қабылданып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды.
Атап өтсек, Қазақстан мәслихат депутаттарының бірлестігінің жиынына келген ресми өкілдер кеше Сарқан ауданында жеке қосалқы шаруашылықтардың жұмысымен танысқан еді. Ал бүгін Талдықорған қаласындағы Үстел теннисі орталығын, орталық бассейнді, волейбол оқу-жаттығу кешенін т.б. көрнекті нысандарды аралап көрді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай