ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ЕЛ ІШІНДЕ

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ЕЛ ІШІНДЕ

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ЕЛ ІШІНДЕ

Шілде айынығ аяғында ауданымызға Елордамыз - Нұр-Сұлтан қаласынан Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары - Құспан Айгүл Сайфоллақызы мен Тәжмағанбетова Мақпал Мазаққызы арнайы іссапармен келіп, өңірімізде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың легімен танысып қайтты.

Ауданымызға атбасын бұрған халық қалаулыларын аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Ғалым Тоқпейісов, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев, аудандық партия төрағасының бірінші орынбасары Данияр Садықбаев, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқанов және «Агрофирма Dinara Ranch» бас директоры Бақытжан Сатыбалдиев Миялы ауылдық округіне кірме жол бойынан күтіп алып, сапарлас болды.

Алыстан ат терлетіп келген халық қалаулылары өздерінің іссапарларын Миялы ауылдық округіне қарасты 5 000 басқа арналған «Динара Ранч» ЖШС -гі мал бордақылау кешенінен бастады. Ол жердегі бордақыда тұрған асыл тұқымды ірі қара малын көзбен көрген Парламент Мәжілісінің депутаттары мал бордақылау жұмыстарының қыр-сырын жетік меңгерген Бақытжан Сатыбалдиевке өздерін қызықтырған сауалдарды қойып, білікті маманнан тұшымды жауаптар алды.

Сөз орайы келгенде аудан басшысы аталмыш шаруашылыққа қарасты бұдан да басқа «Динара» ӨК-і, сонымен қатар егістік жерлері бар екенін және ол жерлерге жыл сайын егіліп жатқан егіс көлемін әңгіме арқауына айналдырып, аудан бойынша алдыңғы қатардағы шаруашылықтардың бірі екендігін атап өтті. Мұнан соң, халық қалаулылары өздерінің іссапарларын аудан орталығында жалғастырды.

Бақанас ауылындағы салынып жатқан 5 қабатты 20 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысып, құрылыс басшысынан баспана құрылысы қай уақытта басталғанын және қай кезде аяқталатынын сұрап, құрылыс жұмыстарының сапалы болуы ең басты әрі маңызды мәселе екенін қадап айтты.

Осыдан кейін аудан басшысы құрметті қонақтарды аудан орталығында ауыл көшелерін көркейту, абаттандыру мақсатында жасалынған жұмыстар легімен бір сыпыра таныстырып, алдағы уақытта атқарылатын жоспарлы жұмыстарға кеңінен тоқталды. Бақанас ауылының көрікті жерлерін аралап шыққан депутаттар аудандық партия филиалы ғимаратының мәжіліс залында жергілікті халықпен кездесу өткізді.

Келелі жиынға аудан әкімінің орынбасарлары-Бөріхан Әбдібаев, Жанат Жүнісбеков, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев және аудандық мәслихат депутаттары, мекеме басшылары қатысты.

Жиынды жүргізу тізгінін өз қолына алған аудан әкімі Ғалым Қасымұлы өңірде атқарылып жатқан толағай жұмыстарға қысқаша тоқталып, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сай ауданда атқарылып жатқан 2021-2025 жылдарға арналған жұмыстар туралы баяндама жасау үшін сөз кезегін аудандық партия төрағасының бірінші орынбасары Данияр Садықбаевқа берді.

Баяндама аяқталғаннан кейін жиынға қатысушылар ауданға арнайы атбасын бұрған халық қалаулыларына өңіріміздің дамуы жөнінде және ауылшаруашылық саласын дамытуға байланысты сауалдарын жеткізіп, ашық пікір алмасты.