БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

БҰҚАРАЛЫҚ  АҚПАРАТ  ҚҰРАЛДАРЫ  ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН  ҚҰТТЫҚТАДЫ

28-ші маусым-Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Дәл осы күні аудан айнасы саналатын «Балқаш өңірі» газетінің шығармашылық ұжымының да еңбегі еленді. Осы аптаның сейсенбісі күні аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Ғалым Тоқпейісов өзінің жұмыс кеңсесінде орынбасары Бөріхан Әбдібаевпен бірге аудандық басылымның қызметкерлерін құттықтады.

Атап өтер болсақ, 28 маусым –Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні мерекесіне орай, аудан көлемінде болып жатқан жаңалықтарды тұрғындарға дер кезінде жеткізіп, маңызды әлеуметтік міндеттерді шешуге зор үлесін қосып, жарқын жаңалықтың хабаршысы ретінде өткір мәселелердің қайнаған ортасынан табылып және өз ісінің білікті маманы болып жүрген газеттің жауапты хатшысы Бақтығали Дәуітбаев аудан әкімінің Құрмет Грамотасымен, сонымен қатар осы саланың қарақазанында қайнап, әртүрлі тақырыпта қалам тербеп, соның есесіне оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүрген аудандық басылымның тілшісі   Алтынай  Сейткен және осы салада еңбектің көрігін қыздырып жүрген, газеттің  безендірілуіне әрі тартымды шығуына  өз  үлесін қосуда жанашылдыққа жаны құмар жан, аудандық  газеттің дизайнері  Жанна Қыдырбаевалар аудан әкімінің Алғыс Хатымен марапатталды. Сондай-ақ, аудан басшысы аудандық басылым қызметкерлерінің алдағы уақыттағы жұмыстарына шығармашылық табыс тілей келе, еңбектерің жана берсін деген ақ тілегін арнады.

Айта кететін жайт, аудандық «Балқаш өңірі» газетінің директор-бас редакторы Күмісбек Ербаев облыс орталығында өткен мерекелік шарада Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың қолынан Құрмет Грамотасын алды.

Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы алатын орны қашанда айрықша. Халық пен билік арасындағы алтын көпір саналатын бұл саланың қызметкерлерін «төртінші билік өкілдері» деп те бекер айтпаса керек-ті. Ал, аудан тұрғындарын бақ дарыған Балқаш өңірінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардан хабардар етіп, 85 жылдық тарихында Елбасы саясаты мен ел Президентінің Жолдауларын жүзеге асыруда еңбек етіп, жайдарман жаңалықтың жаршысына айналған аудандық басылым бүгінгі таңда ауданда өзіндік орнын айшықтаған. Ақпарат майданында қалам тербеп жүрген қызметкерлердің еңбегі ерен.