Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыратын «7 – 20 – 25» бағдарламасын әзірлеуді ұсынғаны мәлім. Содан беріде бағдарламаның жөн-жобасы әзірленіп, заңнамалық қолдау механизмдері бекітілді. Осылайша нақты іске асырыла бастаған бағдарлама бойынша банктер де алғашқы несиелерін беруге кірісті. Осы ретте, мемлекет басшылығы барлық қазақстандықтарға арналған тиімді әрі қолжетімді бағдарлама ұсынып, Ұлттық банк «7 – 20 – 25» жаңа ипотекалық бағдарламасын бекітіп, оны жүйелі іске асыруды ұйымдастыратын «Баспана» ипотекалық компаниясын құрды. Маусым айында Парламент бағдарламаны тиімді іске асыруға арналған заң жобасын мақұлдады. Аталған бағдарламаның бұдан бұрынғы жобалардан ерекшелігі көп. Жылдық мөлшерлемесі 7 пайызды құраса, бастапқы жарна – 20 пайыз, ал несиені 25 жылға дейін беру көзделіп отыр. Бағдарлама талабы бойынша өтініш беруші Қазақстан азаматы болуы шарт, екіншіден, қарыз алушыда кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен түсетін табыс болуы керек. Үшіншіден, қарыз алушыда үй сатып алуға, оның құрылысына немесе оның жөндеуіне арналған несиелер бойынша өтелмеген қарыздар болмауы шарт. Төртіншіден, ел аумағында отбасының әр мүшесіне шаққанда 15 шаршы метрден аспайтын жатақхана бөлмелерінен, апатты жағдайдағы үйлерден өзге баспанасы болмауы тиіс. Ал сатуға қойылатын тұрғын үйлерге қойылатын талап – жаңа салынған я болмаса пайдалануға берілген, яғни ешқандай қосымша құрылыс жөндеу жұмыстарын қажет етпейтін болуы тиіс. Бұған қоса Несие алушы жылжымайтын мүлікті Алматы облысы бойынша сатып алған жағдайда аудандық әкімдік тарапынан 1 миллион теңге көлемінде сертификат қаралған.
Осыған орай Балқаш ауданы тұрғындарының «7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниеті бар азаматтар болса, Бақанас ауылы, Қонаев көшесі № 66 «Балқаш аудандық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесіне келіп, толық мәлімет алуларыңызға болады.