
Жетісу облысының ауыл шаруашылығы басқармасында басқарма басшысы Н. Кененбаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған жиын өтті. Оған басқарманың бөлім қызметкерлері мен мемлекеттік қызмет көрсетуге жауапты мамандар қатысты.
Жиында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың нәтижелері қаралды. Мемлекеттік қызметтерді сапалы, ашық әрі қолжетімді көрсетуге ерекше назар аударылды. Есепті кезеңде басқарма тарапынан 11 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 4 957 қызмет көрсетілді, оның 957-сі заңды тұлғаларға, 4 000-ы жеке тұлғаларға ұсынылған.
Мемлекеттік қызмет көрсету барысында заңдылықты сақтау, қызметтік әдеп нормаларын орындау, азаматтардың өтініштерін уақтылы қарау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелері талқыланды.
Жиында «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етудің және азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызды негізі екені атап өтілді.
Қорытындысында Н. Кененбаев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейтуге, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен ашықтығын арттыруға және қызметтік тәртіпті нығайтуға бағытталған тапсырмалар берді.