Жетісу облысында биыл күнбағыстан 62 мың тонна өнім алынады деп күтілуде

Жетісу облысында биыл күнбағыстан 62 мың тонна өнім алынады деп күтілуде

Жетісу облысында биыл егістік алқабы 510, 7 мың гектар болса, соның 106,6 мың гектары – майлы дақылдар. Бұл ретте күнбағыс дақылына ерекше мән берілген. Өңделетін  өнім ретінде оған ішкі және сыртқы нарықта сұраныс жоғары. Биыл өңірде күнбағыс 34,6 мың га жерге себілген. Одан жалпы көлемі 62 мың тонна өнім алынады деп күтілуде, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Осы дақылды өсіріп отырған шаруашылықтардың бірі – Кербұлақ ауданындағы «Абыхан» шаруа қожалығы. Мұнда бір жылдың ішінде күнбағыс алқабының көлемі төрт есеге ұлғайып, 100-ден 400 гектарға жеткізілді. Алқапта «Суматра» және «Пионер» гибридті сорттары өсіріледі. Шаруа қожалығының жерлері жасанды суару жүйесі жоқ тәлімі жерлерде. Мұндай жағдайда дақыл өсірудің әр кезеңі маңызды. Сырт көзге күтімі жеңіл дақыл болып көрінгенімен, күнбағыстан мол өнім алу үшін агротехникалық талаптарды дұрыс сақтау керек. Бұл ретте топырақтың жағдайы, тұқым себу мерзімі, тұқым сапасы, өсімдіктерді қоректендіру, күтіп-баптауды уақтылы жүргізу маңызды.

Әрине, заманауи техника мен білікті мамандарсыз мол өнім алу мүмкін емес. Бүгінде шаруашылықта трактор, комбайн, «КАМАЗ» жүк көліктері сияқты ауыл шаруашылығына арналған 115-тей техника бар. Маусымдық жұмыстарға 20-ға жуық адам жұмылдырылған.

– Алғашқы лизингті 1994-1995 жылдары алып, мемлекет қолдауының арқасында «КАМАЗ» жүк көліктерін, комбайндар мен МТЗ тракторларын сатып алдық. Соңғы рет 2024 жылы лизинг рәсімдеп, бірқатар техниканы, оның ішінде К-700 тракторын сатып алдық. Оның құны шамамен 100 миллион теңге болды. Сонымен қатар күнбағыс тұқымдары мен тыңайтқыштар сатып алуға субсидия алдық. Шығындардың бір бөлігін мемлекет өтейді. Қолдау көлемі шамамен 25-30% құрайды, - деді шаруашылық басшысы Серік Абықанов.

Өткен жылы шаруашылық алғаш рет күнбағыс егіп, сынақтан өткізді. Нәтижесі көңіл қуантып, әр гектардан шамамен 2 тоннадан өнім жиналды. Осыған байланысты биыл шаруашылықтағы күнбағыс алқабының көлемі 400 гектарға дейін ұлғайтылды.

- Биыл ауа райы қолайлы болып тұр. Сондықтан әр гектардан 2 тоннадан астам өнім аламыз деп межелеудеміз. Күнбағысты қазан айында жинауға кірісеміз. Жиналған өнімді Талдықорған қаласындағы «Жетісу Мажико» агрокомплексі» ЖШС-не өңдеуге өткізуді жоспарлап отырмыз, - дейді диқан.

 «Абыхан» шаруа қожалығының оң нәтижесі назардан тыс қалмай, былтыр күнбағыс өсіру тәжірибесі өзге де шаруашылықтарға ұсынылса, бүгінде бұл дақылға деген қызығушылық едәуір артқан. Серік Абықановтың айтуынша, биыл округте күнбағыс егуге шамамен 3-4 мың гектар жер бөлінген.

Жалпы, қазіргі таңда Жетісу облысында егін жинау науқаны жалғасуда. Бүгінде 174,3 мың гектар дәнді және масақты дақылдар жиналып, 339,7 мың тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 19,5 центнерден айналды. Сонымен қатар 3,1 мың гектар картоп және көкөніс дақылдары жиналып, 84,7 мың тонна өнім алынды.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Қанат Өмірәлинов.