Жетісу облысында жем-шөп дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Дәл қазір аймақта мал қыстату маусымына арнап 2 млн. тоннадан астам шөп, сүрлем және жем түрлері дайындалды. Ал облыстағы малдың басы 2,7 миллионнан асты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы таратқан мәліметке қарағанда, биыл 2 миллион 236 мың тонна жем-шөп дайындау жоспарланған. Бүгінгі күнге 2 млн. 270,1 мың тонна жем-шөп жиналды. Бұл межелеген жоспардан артық. Атап айтқанда, 1 млн. 324,6 мың тонна шөп, 327,6 мың тонна сабан, 203, 0 мың тонна сүрлем, 292,3 мың тонна құрама жем, 122,6 мың тонна сенаж бар.
«Диқандардың қолындағы техниканың арқасында қысқа қажетті жем-шөпті толық дайындауға мүмкіндік бар. Мал қыстату маусымына дайындық әлі де жүріп жатыр, бүгінгі күні шөп пен сенаж толық жиналды, сүрлем, сабан және құрама жем дайындау жұмыстары жақын күндері аяқталады. Осылайша аймақтағы төрт түлік алдағы қысқа қажетті жем-шөппен толық қамтылады», - деп хабарлайды басқарма мамандары.
Дегенмен биылғы 8 айдың ішінде аймақтағы төрт түліктің саны 2 млн. 738 басқа жетті. Оның ішінде ірі қара 555,6 мың бас, қой мен ешкі 1,9 млн. бас, жылқы 224,9 мың бас, түйе 2,2 мың бас. Биылғы жыл үшін аймақтағы мал шаруашылығын дамытуға 4,6 млрд. теңге субсидия берілді. Бұл қаржы мал басын асылдандыруға, ет өндіруге және сүттің бағасын тұрақтандыруға жұмсалған.
Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, нарықты етпен және сүтпен қанықтыру үшін бүгінгі күні облыста 25,7 мың басқа арналған 70 бордақылау алаңы және 8,3 мың басқа арналған 36 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Сондай-ақ 2 млрд. теңге сомасына 3 ірі тауарлы сүт фермасы 1190 басқа кеңейтілді. Одан бөлек, Ақсу ауданында жылына 1500 тонна етті айналымға шығаратын 200 басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылысы жеке инвестицияның қолдауымен аяқталуға жақын.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Дмитрий Ерофеев