Жетісу облысында алғаш рет жержаңғақ өсіріле бастады. Биыл Ақсу ауданының шаруалары бұршақ тұқымдас дақылдармен қатар жержаңғақ егуді қолға алды. Мұндай дақылдар құрғақшылыққа төзімді келеді. Ауыл шаруашылығы мамандырының айтуынша, өнімділігі жоғары әрі пайдалы жержаңғақ Жетісудың жаңа брендіне айналуы әбден мүмкін, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
- Жаңғақ немесе жержаңғақ – өңірімізге сұранысқа ие, дастарқанның көркін келтіретін пайдалы өнім. Алайда бүгінде бәрінің алып жүргені импорттық өнім. Ауыл шаруашылығымен үш жыл бұрын айналыса бастадық. Басында қант қызылшасы мен жүгері өсірдік. Кейін климаттық жағдайдың қолайлы екенін ескере отырып, қосымша бақша өнімдерімен егуге кірістік. Себебі Қызылағаш қарбызының ең дәмді әрі танымал екен баршаға белгілі. Биыл алғаш рет 200 гектар жерге 3 түрлі бұршақ тұқымдас дағыл егіп, тәжірибе ретінде Өзбекстаннан әкелінген тұқыммен 1,5 гектарға жержаңғақ отырғыздық. Бұршақ дақылдарын таңдауда қателеспеппіз, биылғы өнімділігі көңіл қуантады, - деді «Жетісу жер» ЖШС шаруа қожалығының директоры Қанат Саниязов.
Оның айтуынша, Жетісуда жержаңғағын өсірудің болашағы зор. Өйткені бұл дақылды өсіруге әсіресе ыстық ауа райымен ерекшеленетін Қызылағаш өңірінің табиғаты өте ыңғайлы.
Шаруа қожалығының басшысының айтуынша, бұл дақылды өсіру аса қиын емес және ол жақсы өнімділігі жоғары. Ерекше күтімді қажет етпейді, дер кезенде суарып, тыңайтқыш беріп отырса жеткілікті. қажеті жоқ.
- Қазір біздің жержаңғақ пісіп жетіліп жатыр. Жақсы күтім жасалса, әр гектарынан 3-тен 5 тоннаға дейін өнім алуға болады. Қайта өңдеу кезінде жаңғақ құрамындағы май 45 пайызға, ал нәруыз 20-25 пайызға дейін жетеді. Оның үстіне бұл дақыл топырақты азотпен байытады, - дейді шаруа қожалығының директоры Қанат Саниязов.
Келесі жылы бұл шаруа қожалығы жержаңғақ егілетін аумақты 10-15 гектарға дейін жоспарлап отыр. Ал биылғы өнімді шағын, жеке қаптамаларға буып-түю көзделген. ҚанатСаниязовтың пікірінше, алдағы уақыта Жетісуда өсірілген жержаңғақ өңірдің жаңа брендіне айналуы әбден мүмкін, себебі бұған барлық жағдай мен мүмкіндіктер бар.
Қазір егін алқаптарында бұршақты жинау қарқынды түрде жүріп жатыр. Бір гектардан 1,5 - 2 тоннаға дейін өнім жиналады. Бұл жұмыстарға жергілікті және басқа өңірден мамандарды тарта отырып, тіркемелі комбайндар жұмылдырылды. Шаруашылықта барлығы 6 трактор мен бірқатар тіркемелі техника бар, 15 адам жұмыс істейді. Шаруашылық иесінің айтуынша, мемлекеттік қолдау да үлкен көмек болып отыр.
- Біз жеңілдетілген жанар-жағармай, тұқым, пестицид және тыңайтқыш түріндегі мемлекеттік субсидиялар арқылы қолдау алып отырмыз. Негізінен менің мамандығым – программист, қасымдағылардың біреуі – экономист, екіншісі – заңгер. Яғни бастапқыда біз ауыл шаруашылығынан қатысымыз болғанымен, сапалы отандық өнім өндіру мақсатында осы салаға бет бұрдық. Бізге өзге де шаруа қожалықтары көп көмек көрсетті, қант қызылшасын өсіру кезінде тәжірбиелерімен бөлісті. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығында табысқа жетудің басты кілті – заманауи технологияларды пайдалану. Бұл тек өнімділікті арттырып қана қоймай, адам еңбегін жеңілдетеді. Сол себепті 2022 жылы біз егістік алқаптарына жаңбырлатып суару жүйесін орнаттық. Мемлекет шығынның 50 пайызын өтеп берді, бұл біз үшін үлкен қолдау болды. Ал келесі жылы тамшылатып суару технологиясын енгізуді жоспарлап отырмыз, - деді Қ.Саниязов.
Айта кетейік, шаруа қожалығында жаңбырлатып суару жабдықтары 65 гектар жерге орнатылған. Сонымен қатар мұнда дискретті суару әдісі де қолданылады. Бұл тәсіл суармалы суды едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді.
Жалпы Жетісу облысында дәнді және майлы дақылдар, жемшөп түрлері, бақша өнімдері, қант қызылшасы, картоп пен көкөніс өсіріледі. Бұл тізімге биыл бұршақ пен жержаңғақ қосылды.
Қазіргі таңда өңірдегі егіс алқабының жалпы көлемі 500 мың гектарга жетті.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі