Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында Су шаруашылығы қызметкерлері күні мерекесі аталып өтті. Мерекелік жиында сала мамандарын облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтап, мамандарға мемлекеттік марапаттар тапсырды. Сол сияқты «Жетісу ирригация» коммуналдық кәсіпорнына 4 арнайы техника сыйға тартылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
М. Көлбаев су шаруашылығын дамыту бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды қысқаша баяндап, алдағы жоспарларға тоқталды. Оның айтуынша, облыста өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 5 су шаруашылығы нысанының құрылысы аяқталды, қазіргі кезде 6 нысанға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта 8 жаңа су қоймасы салынады, 26 гидротехникалық құрылыс пен суару жүйелері қайта жаңғыртылады. Сала мекемелерін техникамен қамтуда да ілгерілеушілік бар. Осы және басқа да шараларды тілге тиек ете келе, облыс әкімінің орынбасары су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегіне табыс тіледі.
Мұнан соң марапаттау рәсімін атқарып, ел Президентінің Жарлығына сәйкес «Сарқанирригация» МКК су реттеушісі Самет Ахметқалиевке «Құрмет» орденін, Панфилов өндірістік учаскесінің инженер-гидротехнигі Мұрат Исаевқа III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін табыстады.
Сондай-ақ бірқатар азаматтар ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі атынан «Су шаруашылығы үздігі», «Су шаруашылығы ардагері» төсбелгілерімен марапатталды. Сонымен қатар бір шоғыр мамандар салалық министрліктің және облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын иеленді.
Су шаруашылығы саласын жаңғырту мақсатында өткен жылы құрылған «Жетісу ирригация» коммуналдық кәсіпорнына 4 арнайы техниканың сертификаты табыс етілді.
Мереке аясында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдаулет Кененбаев, «Қазсушар» РМК Жетісу филиалының директоры Саят Құдайбергенов әріптестеріне тілектерін білдіріп, құттықтау сөз сөйледі.
Жалпы Жетісу облысында гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және оларды басқару жөнінде «Қазсушар» мекемесінің филиалымен қатар екі коммуналдық меншіктегі мекеме бар. Оның біреуі «Жетісу ирригация» Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылып, қазіргі уақытта өз жұмысын бастады. Коммуналдық мекемелерге жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, 21 бірлік арнайы техникамен қамтылды. Сондай-ақ, «Қазсушар» РМК Жетісу филиалы 110 бірлік арнайы техникамен қамтылған, жылдың аяғына дейін қосымша 4 бірлік техника жеткізіледі.
Соңғы жылдары су үнемдеу технологиясын енгізу мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Мәселен, облыс құрылғанда аталмыш технология 9,2 мың гектарға енгізілген болатын. Бүгінде оның көлемі 36 мың гектарға жеткізілді. Жыл соңына дейін технологияны енгізу алқабын арттыра түсу көзделген. Оған қоса облыста суарудың дискреттік тәсілі бүгінгі күнге 4,5 мың гектар алқапта енгізіліп, су шығынын 50 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік берді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсірген: Дмитрий Ерофеев