Биыл Жетісуда рапс, зығыр және үрмебұршақ өсіруге ден қойылды

Биыл Жетісуда рапс, зығыр және үрмебұршақ өсіруге ден қойылды

Бүгін Жетісу облысында Алқап күні шарасы өтті. Бұл басқосуды облыс әкімдігі «Август-Қазақстан» компаниясымен бірлесіп Ескелді ауданы Бақтыбай ауылындағы «Дүйсембинов А.К.» шаруа қожалығының аумағында ұйымдастырды, оған өңірлерден агроөнеркәсіптік кешеннің жетекші мамандары жиналды.

Кездесудің басты мақсаты – ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру саласында тәжірибе алмасу, заманауи агротехнологиялар мен жоғары өнімді ауыл шаруашылығы техникасының үлгілерін көрсету.

Іс-шараға қатысушылар алдында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев сөз сөйледі. Ол биылғы іс-шараның өткен жылғы Алқап күнінен айырмашылығы, биылғы жылы аймақта қарқынды енгізу жоспарланып отырған дақылдар – рапс, зығыр және үрмебұршақ өсіру технологиясына баса назар аударылғанын атап өтті:

- Бұл дақылдар фермерлер үшін экономикалық тұрғыдан тиімді. Сонымен қатар бүгін біз суарудың дискретті әдісін ұсынып отырмыз, бұл суды үнемдейтін технология, оны қолдану оңай әрі қолжетімді, - деді.

Ұйымдастырушылар тәжірибе алмасу, жаңа технологияларды көрсету, фермерлердің және ғылым мен бизнестің арасындағы ынтымақтастықты нығайту іс-шараларының маңыздылығын атап өтті. Кездесу барысында өнімділікті арттыру, суды тиімді пайдалану және техниканы жаңғырту мәселелері талқыланды.

Атап өтсек, «Дүйсембинов А. К.» ШҚ – ұзақ жылғы тәжірибесі бар, бүгінде мал және өсімдік шаруашылығымен айналысып келе жатқан табысты отбасылық кәсіп саналады. Оның алқабында бидай, арпа және жемшөп дақылдарын өсірілуде.

- Биыл біз алғаш рет зығыр, үрмебұршақ, рапстың неміс сортын септік. Бұл тиімділігі жоғары дақылдар аймақтың климаттық жағдайларына төзімді, әрі оларға деген нарық сұранысы жоғары. Бүгінде біздің иелігімізде төрт шаруашылық, 50 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бар және 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, - дейді шаруашылық басшысы Айдын Дүйсембинов.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді түсірген: Жұмабай Мұсабеков.