Жүректерге жігер сыйлаған Отан қорғаушылар күні концерті

Жүректерге жігер сыйлаған Отан қорғаушылар күні концерті

Бугін орталық алаңда Отан қорғаушылар күніне орай «Ел намысын ер қорғайды, ер ерлігін ел қолдайды» атты әсерлі мерекелік концерт өтті. Шараға облыстық Д. Рақышев атындағы филармонияның талантты әртістері мен «Талдықорған әуендері» вокалды-аспаптық ансамблінің әншілері қатысып, көрермендерге ұмытылмас және әдемі кеш сыйлады.

Сахна төрінде 25 өнер иесі өнер көрсетіп, жүректерге жігер, көңілге қуаныш ұялатты. Концерттік бағдарлама мазмұны жағынан бай әрі рухани мәні терең болды. Облыстық филармонияның әншілері «Қазақтың батырлары», «Жетісу – жүрегімнің жауһар әні», «Отаным», «Күндер-ай», «Туған ел», «Алтын бесік», «Қазақ елім», «Қазағым», «Қасиетті қазақ елі» сынды елдік пен ерлікті дәріптейтін әндерді орындап, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Сонымен қатар, «Талдықорған әуендері» ансамблі «Бірге», «Талдықорған», «Өзіңмен бірге», «Жаса қазағым алға», «Отаным» әндерін шырқап, көрерменнің рухын көтерді.

1,5 сағатқа созылған бұл кеш көрермендерге шабыт пен серпін беріп, елге деген сүйіспеншілік сезімін тереңдете түсті.