23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында «Кітап – ғасырлар шежіресі» атты кітап фестивалі өтті.
Айта кетейік, 2024 жылдың 9 шілдесінде Үкімет қаулысымен 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып ресми түрде бекітілген еді. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үшінші Ұлттық құрылтай сессиясында қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жөнінде берген тапсырмасына орай жүзеге асқан болатын. Ұлттық кітап күні – халықты кітап оқуға ынталандыру, жастардың әдебиетке деген құштарлығын ояту және ұлттық әдеби мұраны кеңінен насихаттау мақсатында ерекше маңызға ие.
Салтанатты шараның шымылдығын кітапхана директоры Самал Шаяхметова ашып, барша жиналған қауымды Ұлттық кітап күнімен құттықтап, бұл күннің рухани маңызы мен кітаптың қоғамдағы орнын атап өтті.
Мереке барысында Дәнеш Рақышев атындағы қазақ мектеп-интернатының оқушылары кітапқа арналған жүрекжарды өлеңдерін оқып, шараның мазмұнын аша түсті. Сондай-ақ кеш қонақтары – Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Әли Ысқабай мен балалар жазушысы, Көксу ауданының Құрметті азаматы Жұмабала Балақаранова, ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Гүлбақыт Қасен, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, кітапхана ардагері Күлтай Биғалиева, сондай-ақ журналист Ришат Тұрғамбай жүрекжарды тілектерін білдіріп, кітапсүйер қауымды мерекемен құттықтады.
Шара аясында «Кітапханаға кітап сыйла» атты игі акция өткізілді. Акция шеңберінде Жетісу облысы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Елтай Аубакиров пен «Болмыс» әдеби-мәдени клубының жетекшісі Шынаргүл Оңашбай кітапхана қорына өздерінің құнды кітаптарын тарту етті.
Фестивальдің сәнін кіргізіп, рухын асқақтатқан өнерпаздар да бұл кештің көркін келтірді. Дәнеш Рақышев атындағы филармонияның әншілері әуелете ән шырқап, мектеп оқушыларынан құралған өнерлі жастар күй тартып, рухани кешті айшықтай түсті.
Шараға қаламыздағы оқу орындарының студенттері, Жетісу облысының Әділет департаментінің қызметкерлері, тұрақты оқырмандар қатысып, әдебиетке деген қызығушылықтарын паш етті.