Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында «Үздік оқырман - 2024», «Үш арыс – үш ғұмыр», «Ақпараттық ресурстардың дамуы – «Web-РАБИС» байқауларының нәтижесін жариялау мақсатында қорытынды іс-шара өткізілді.
Кітап оқуға тарту, дәстүрлі оқуды сақтау және оқырмандарға стимул ретінде «Үздік оқырман - 2024» байқауы, облыс кітапханашыларының кәсіби сауаттылығы, жаңа ақпараттық технологияны жетік меңгеруі, кітапхана саласын одан әрі дамыту және оны жетілдіру үшін ақын, қоғам қайраткерлері Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин және жазушы Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Үш арыс – үш ғұмыр» атты облыстық онлайн кітап көрмесі байқауы және кітапханалық «Web-РАБИС» бағдарламасы бойынша «Ақпараттық ресурстардың дамуы – «Web-РАБИС» атты облыстық байқаулары қорытындыланды.
Кітапхана жанынан құрылған әділқазы алқасы шешімімен жылдың үздік оқырмандары анықталып, бірнеше номинациялармен марапатталды. «Ең үздік оқырман» номинациясының Бас жүлдегері болып Талдықорған қаласының тұрғыны, зейнеткер Нұрсара Зәурембекова танылса, «Ардагер оқырман» номинациясының жүлдегері кітапхананың көп жылғы тұрақты әрі белсенді оқырманы заңгер Захидам Халелова болса, «Ең белсенді жас оқырман» номинациясының жүлдесін Innoverse Taldygorgan жеке меншік мектебінің 10 сынып оқушысы Құралай Серікәлі иеленді.
Сондай-ақ, кәсіби «Үш арыс – үш ғұмыр» атты облыстық онлайн кітап көрмесі байқауында көрменің заманауи безендірілуі, библиографиялық шолу жүргізудегі кітапханашының сөйлеу мәдениеті, тіл тазалығы ескеріліп, Көксу аудандық кітапханасы ІІІ орын, Панфилов аудандық кітапханасы ІІ орынды иеленсе, жүлделі І орынды Кербұлақ аудандық кітапханасы қанжысына байлады.
Келесі кітапханалық «Web-РАБИС» бағдарламасы бойынша өткен кәсіби байқауда аудандық, қалалық, ауылдық кітапханаларың 12 кітапханашысы қатысып, электронды каталогқа енгізген кітаптар саны және кітапхана ісі бойынша стандартқа сәйкестігі туралы бақ сынасты. Нәтижесінде ІІІ орын Алакөл ауданы Қабанбай ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ермекбала Жұмабаеваға, ІІ орын Ескелді аудандық кітапханасының кітапханашысы Айжан Найзабековаға бұйырса, жүлделі І орынды Қаратал аудандық кітапханасының кітапханашысы Мақсат Атайбеков иеленді.
Барлық байқау жүлдегерлері арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Шара соңында жеңімпаздар құрметіне Талдықорған қаласының Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясы оқушылары шағын концерт қойып, көрермендердің назарын бірден баурап алды.
Барлық қатысушылар мен шара қонақтары жақсы көңіл-күймен тарқасты.