«Мәңгілік бала бейне» қайта оралды

«Мәңгілік бала бейне» қайта оралды

Кеше Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының  спектаклінің қойылымы өтті. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры «Мәңгілік бала бейне» трагедиясын жетісу жұртшылығының назарына ұсынды. Бұл  туынды театрдан да, кинематография саласынан да ойып тұрып орын алған. «Мәңгілік бала бейне» – күллі қазақ жұртының ауыр қайғысы мен мұңын әспеттеген шығарма.

Қойылым Семей ядролық полигонының зардабын бастан кешіп, аман қалған  халықтың  тіршілігін баяндайды. Қарауыл атты аядай ауылдағы өмірдің ащы шындығы мен мүгедек қыз Ләйләның тағдыры әңгімеленеді. Режиссер Болат Атабаев көз тірісінде қойған бірегей спектакль араға 10 жыл салып, қайта қалпына келтіріліп, көрерменге жол тартып отыр.  

Ләйләнің мешелдігіне сол бір саңырауқұлақ іспеттес жарылыс кінәлі болған. Семей полигоны кезінде мүгедек болып өмірге келген қыз осы оқиғадан  соң  түрі 8 жас шамасындағы бүлдіршін күйінде қалып, өспей қалған. Ата-анасынан айырылған байғұс Ләйлә қатыгез әпкесі Қатираның қолында өседі. Қатира оны кемсітумен болады. Ләйлә әр түн сайын жарық аймен сырласады. Бір тойда өзінің бала кездегі досы Құмарды кезіктіреді. Ауыл әкімі ауданнан келген өкілдермен бірге Ләйләнің үйіне барып, оны ауданда өтетін қаралы жиында көпшілікке көрсетпек ниетте екендігін жеткізеді. Бұған  налыған  мүгедек қыз тауы одан әрі шағылып, жеті қараңғыда жарық айға сырын айтуға жүгіреді. Оқиға соңында Ай да, Ләйлә да бір-бірін қимай мәңгілікке қоштасады. Әңгіме Ләйләнің өлімімен аяқталады.

Бір  ғана  Ләйләнің өмірін мысалға ала отырып, Семей  полигонының елге тигізген зардабын, өмір қиындықтарын, барға қанағат ету керектігін көрсеткен шығармадан көрермендер үлкен ой түйді. Сол кездегі халық тұрмысын көзбен көріп, адам мінезінің әртүрлі болатындығын түсінді.