Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі Мұхамеджан Тынышбаевтың өмірі мен қызметінен сыр шертетін «Ғасырлар жобасы» атты деректі фильмнің презентациясы көрсетілді.
Мәлімет үшін, Мұхамеджан Тынышбаев – қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алашорда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орынбасары, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері. 1937 жылы 21 сәуір күні Мұхамеджан Тынышбаевты Өзбек ССР-і Ішкі істер халық комиссариаты тұтқынға алады. Оған «тап жауы», «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылып, 1938 жылы Ташкент түрмесінде ату жазасына кесілген. 1959 жылы 29 қыркүйекте Мұхамеджан Тынышпаев Қазақ КСР Жоғарғы Сотының шешімімен, ал 1970 жылы ақпанда КСРО прокуратурасымен және Түркістан әскери округінің әскери прокурорымен ақталды.
Шараға «Мұхамеджан Тынышбаев» қорының президенті әрі жиен немересі Нұршакен Жүнісова арнайы қатысып, қоғам қайраткері жайында анасынан естіген ақпараттарымен бөлісті.
Алаш ардақтысының өнегеге толы өмірі мен тарпаң тағдыры бейнеленген деректі фильмде саяси қайраткер ретінде құқығы аяққа тапталған, ұлтының теңдігі жолында күрескен тұлға бейнесі, теміржол инженері ретінде шойын жолды салуда қазақ халқының мүддесін бірінші кезекке қойған ұлт жанашырының тұлғасы сомдалған. Ал публицист ретінде орыс тілінде шыққан мақалаларында Петербордың зиялы қауымына патша шенеуніктерінің әділетсіздігін жеткізсе, қазақ тіліндегі мақалаларында қандастарына теңдік алудың жөн-жобасын көрсеткені, тарихшы ретінде қазақ елінің көне дәуірден бүгінге дейінгі шынайы тарихын жасаудың батыл бағыттарын айқындап бергені туралы тың деректер айтылды.
«Тағылымды шара студенттер мен қатысушылардың отансүйгіштік қасиетін арттырып, жастарды елжанды азамат болуға үндеді»- дейді, шараға арнайы қатысқан Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Мәлікқызы.
Шара соңында Нұршакен Жүнісова кітапхана қорына өз қолтаңбасы қойылған «Мұхамеджан Тынышбаев» кітабын сыйға тартты.
Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясына Тынышбаев есімі берілген. Жетісу облысы Сарқан ауданындағы бір ауыл, Алматы қаласындағы бір көше Тынышбаев және Жетісу облысының облыстық тарихи-өлкетану музейі атақты тумасының есімімен аталды.