Жуырда Жетісу облысының С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының ұйымдастыруымен Бұқар жырау Қалқаманұлының туғанына 330 жыл толуына орай «Қазақтың көмекей әулиесі» атты ақпараттық сағат өткізілді.
Қазаққа белгілі Бұқар жырау 1668 жылы Баянауыл жерінде дүниеге келіп, жүз жылдан астам өмір сүрген. Бұқар жас кезінен би атанып, Қазыбек, Төле, Әйтеке билермен бірге Тәуке ханның заңдар жинағын құрастыруға қатысқан. Бұқар көшпелі халықты жоңғарлар жан-жақтан қыспаққа алып, шабуылдап жатқан қатал заман тұсын жырлаған. Ол сол кезде қазақтың билеушісі Абылай ханның ақылшысы әрі кеңесшісі болатын. Ұлы ханның барлық қазақ тайпаларын біріктіретініне сеніп, оны алып күш иесі деп құрметтеген.
Бұқар жырауға арналған ақпараттық сағатқа №18 орта мектеп оқушылары, «Білім» колледжінің студенттері қатысып, жыраудың ойлы өлеңдерін оқыды.Сондай - ақ тарих пәнінің мұғалімі Жүнісов Мәжікен Адамұлы оқырмандарға Бұхар жырау туралы айтып, оның жан жақты қырына тоқталып, толыққанды ақпарат беріп өтті.
Қатысушыларға «Өз дәуірінің асқан ақылгөй кемеңгері» көрмесі таныстырылып, «Жыраудың мұрасы» атты бейне сюжет көрсетілді.
Оқырмандар, «Бұхар жыраудың өмірімен, шығармашылығымен танысып, дипломатиялық қабілетіне қайран қалып, Рухани дамыдық», - деп өз пікірлерін білдірді.
Айта кетейік, Бұқар жырауды Заманыңдағы сыншылар «Көмекей әулие», сөйлегенде көмекейі бүлкілдеп, аузынан тек өлең төгіледі», деп баға беріп кеткен екен.