Ақын, Жетісудың тумасы Қайрат Әлімбектің 60 жылдық мерейтойына орай облыстың жас ақындарымен ақындық кездесу өтті

Ақын, Жетісудың тумасы Қайрат Әлімбектің 60 жылдық мерейтойына орай облыстың жас ақындарымен ақындық кездесу өтті

Жуырда "ПОЭЗИЯ! КЕЛ БЕРІ, СЫРЛАСАЛЫҚ!" атты Жетісулық жерлесіміз, ақын Қайрат Әлімбектің 60 жылдығына орай жас ақындардың қатысуымен (еске алу) поэзия сағаты жақын арада болып өтті.

Бүгінгі таңда Қайрат Әлімбекті өлең сүйер, әдебиетке жақын адамдар мен оқырман жақсы біледі деп ойламаймыз, себебі ол өмірден небәрі 43 жасында ерте кетті.

Ақынның өмірбаянына тоқтала кетсек Қайрат Әлімбек (1963–2006) –

16 маусымда Жетісу облысының Панфилов ауданындағы Үшарал ауылында дүниеге келген. 1985 жылы ҚазМУдің журналистика факультетін бітірген. Аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі БАҚ-та қызмет істеген.  Тұңғыш өлеңдер жинағы 1989 жылы «Жалын» баспасынан «Сезімнің гүлі» деген атпен жарық көрген. Сондай-ақ, «Жоқ іздеген жігітпін», «Намыс найзагері», «Нұрлы әлем», «Махаббатстан» деген атаумен өлең кітаптары жарық көрген. Бірнеше жалынды жырлары ұжымдық жыр жинақтарына енген. Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.

Ақын Қайрат Әлімбектің 60 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында Жетісу облысы халық шығармашылығы орталығының жылдық жоспарына сәйкес"ПОЭЗИЯ! КЕЛ БЕРІ, СЫРЛАСАЛЫҚ!" атты поэзия сағатын ұйымдастырды. Аталмыш әдеби шараға Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрінұлы және ақынның ағасы Ескелді ауданы әкімнің орынбасары Жұмағұл Әлімбеков, Жетісу облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Арнұр Садықов, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелдің модераторы ақын Жангелді Немербай атқарды. Ол өз сөзінде:

«Дабыл ұрсын жүрегім, дабыл ұрсын,

Жоқ іздеген жігітті бәрі білсін.

Көшпелі алтын секілді көз алдымда,

Қара түнде жоғалған Жарығымсың» деп ақынның өлең жолдарын оқып берді.

Поэзиялық сағат тартымды да тамаша өтті. Жетісулық жас ақындар С.Әйтеноова, А.Нұрмұхан, С.Құмархан, Қ.Абдырахман, М.Орынтай, А.Бикенова, Р.Жылқайдарова, З.Әуезова өлеңдерін оқыса, әнші- сазгер Нұржан Ахметбеков лирикалық әндер шырқады.

Мерейтойлық шараның осы бастамасындағы игі бас қосуда болашақта ақынды еске алуына арналған ауқымды шығармашылық кешін ұйымдастырумен қатар кітабын шығару жайлы да ұсыныстар  айтылды.