1 қыркүйек – Білім күніне орай Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында «Білімнің бастауы – кітап, ордасы – кітапхана» атты Ашық есік күні ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақ арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, кітапхана қызметін кеңінен таныстыру және білім мен рухани дамудың маңызды орталығы ретінде кітапхананың мүмкіндіктерін насихаттау.
Ашық есік күніне Талдықорған қаласындағы мектеп оқушылары мен колледждердің 1-курс студенттері қатысты. Келушілер назарына мотивациялық және психологиялық бағыттағы әдебиеттерден, сондай-ақ балалар әдебиетінен арнайы кітап көрмелері ұсынылды. Көрме барысында оқырмандарға кітаптардың мазмұны таныстырылып, оқуына ұсыныстар берілді.
Сонымен қатар, шараға қатысушылар үшін кітапхана бойынша экскурсия ұйымдастырылып, кітап қоры, оқу залдары және кітапхананың заманауи мүмкіндіктері таныстырылды. Қонақтар кітапхана жұмысымен жақынырақ танысып, өздерін қызықтырған әдебиеттерді таңдау мүмкіндігіне ие болды.
Ашық есік күніне жалпы саны 100-ге жуық келуші қатысты. Шара барысында 60-тан астам жаңа оқырман кітапханаға тіркеліп, кітапхана қорын пайдалануға мүмкіндік алды.
Білім күніне орай ұйымдастырылған бұл шара жас оқырмандардың кітапханаға деген қызығушылығын арттырып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.