
Қаратал жағажайында Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының IV шығармашылық маусымының жабылуына арналған мерекелік концерт жоғары деңгейде өтті.
Жаздың жайма-шуақ кешінде ұйымдастырылған бұл ерекше мәдени шара тұрғындар мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, өнер сүйер қауымның басын бір арнаға тоғыстырды. Табиғаттың көркем келбеті мен Қаратал жағажайының ерекше атмосферасы әсем әуенмен үндесіп, көрермендерге ұмытылмас әсер қалдырды.
Концерттік бағдарлама барысында Жетісу өңірінің талантты өнер ұжымдары өздерінің ең үздік және көрермен ықыласына бөленген шығармаларын орындады. Атап айтқанда, М.Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі ұлттық өнердің жауһар туындыларын паш етсе, «Жетісу» бишілер ансамблі әсем хореографиялық қойылымдарымен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, «Жетісу сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі халқымыздың бай мәдени мұрасын насихаттап, ұлттық құндылықтарды дәріптеді.
Кеш барысында Камералық хордың әсерлі шығармалары, Эстрадалық-симфониялық оркестрдің көркем композициялары мен «Big Band» эстрадалық үрлемелі аспаптар оркестрінің жарқын музыкалық нөмірлері орындалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Әрбір ұжым өз өнерінің жоғары деңгейін көрсетіп, көрерменнің зор қошеметіне ие болды.
IV шығармашылық маусымның қорытынды концерті Жетісу өңірінің мәдени өміріндегі жарқын оқиғалардың бірі болып, өнердің адамды біріктіретін құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Кештің сәнін келтіріп, өнер ұжымдарына ыстық ықыласын білдірген барша көрерменге алғысымызды білдіреміз. Алдағы жаңа маусымда да тың жобалармен, жаңа концерттермен және жарқын кездесулермен қауышқанша!