
Жетісу облысының С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасына Абай атындағы №1 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып оқушылары экскурсиямен келді. Танымдық шараның мақсаты – оқушыларды кітапханамен таныстыру, кітапқа деген қызығушылығын арттыру және жазғы демалыс уақытын мазмұнды әрі пайдалы өткізуге бағыттау.
Экскурсия барысында балалар кітапхананың бөлімдерін аралап, оның жұмысымен жақынырақ танысты. Кітапхана мамандары оқырман болып тіркелу тәртібі, кітаптарды пайдалану ережелері, кітап қорының ерекшеліктері туралы айтып, түрлі жанрдағы балалар әдебиеттері, ертегілер, энциклопедиялар мен танымдық кітаптарды таныстырды. Сонымен қатар кітаптың адам өміріндегі орны мен кітап оқудың пайдасы жайында қызықты әңгіме өрбіді.
Шара барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып, кітапхана қорындағы қызықты кітаптарды тамашалады. Балалар белсенділік танытып, сүйікті шығармалары мен кейіпкерлері туралы ой бөлісті. Кітапхана қызметкерлері оларды жазғы демалыс кезінде кітапханаға жиі келіп, қызықты кітаптар оқуға шақырды.
Аталған экскурсия балалардың кітапханаға деген қызығушылығын арттырып, кітаппен достасуға мүмкіндік берді. Мұндай танымдық кездесулер жазғы лагерь бағдарламасын мазмұнды етіп, жас оқырмандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.