Сәкен Сейфуллиннің музейі Жетісу жерінде

Сәкен Сейфуллиннің музейі Жетісу жерінде

Қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы, ақын, жазушы, ағартушы және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығына арналған «Сәкен Сейфуллин: тағдыр мен тағылым» атты жылжымалы көрменің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері, мұғалімдер, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.

Көрменің ашылуында Астана қаласының Бірлескен музейлер дирекциясы басшысының орынбасары Нұрсерік Жолбарыс сөз сөйлеп, жобаның мақсатына тоқталды. Ал Сәкен Сейфуллин музейінің жетекші ғылыми қызметкері Гүлназия Ибраева ақынның тұлғалық келбеті туралы баяндама жасады. Қазақстанның құрметті жазушысы Нүсіпбай Әбдірахым Сейфуллиннің тағдыры мен мұрасы жөнінде ой бөлісті.

Шара барысында Сәкен Сейфуллиннің әндеріне кезек берілді. Дәстүрлі әнші Төлеутай Серіков «Біздің жақта» әнін шырқаса, әнші Есхат Нұрәли сирек орындалатын «Тотықұс» әнін орындады.

Келген қонақтар ақынның жеке пайдаланған заттарымен, көзі тірісінде жарық көрген кітаптарымен, жары Гүлбаһрам Сейфуллина сақтаған тұрмыстық бұйымдармен, қолжазбаларымен, қойын дәптерімен, «Ундервуд» баспа машинкасымен, сирек фотосуреттері мен тарихи құжаттарымен танысты. Көрме ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған.