4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының ұйымдастыруымен Орталық Арбат алаңында «Ашық аспан астындағы сұхбат» атты танымдық шара өтті.
Шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін насихаттау, олардың тарихы мен маңызын кеңінен таныстыру, жастар мен қала тұрғындарының бойында отансүйгіштік сезімді, ұлттық құндылықтарға деген құрметті қалыптастыру.
Шара барысында қала тұрғындарымен еркін сұхбат жүргізіліп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны туралы сұрақтар қойылды. Қатысушылар рәміздердің мән-маңызы жөніндегі білімдерін ортаға салып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз еліміздің айбыны мен мақтанышы, халқымыздың бірлігі мен болашағын бейнелейтін қастерлі құндылықтар. Осындай тағылымды кездесулер арқылы азаматтардың ел тарихына, мемлекеттік рәміздерге деген құрметі арта түседі.
Баршаңызды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймыз! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Туымыз биік, Елтаңбамыз еңселі, Әнұранымыз асқақ болсын!
Қамтылғандар саны: 50