1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Жетісу облысы С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында «Балалық – бақыт бастауы» атты инклюзивті ойын-сауық кеші ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға облыстық «Бәйтерек» күндізгі болу орталығы мен Көксу ауданындағы «Үміт» күндізгі болу орталығының тәрбиеленушілері арнайы қатысып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған думанды кештің қонағы болды.
Іс-шараның басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қоғам өміріне белсенді араластыру, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, мерекелік көңіл-күй сыйлау және балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қоғам назарын аудару.
Кеш барысында балаларға арналып әсем әндер шырқалып, қызықты ойындар мен түрлі байқаулар өткізілді. Аниматорлар ұйымдастырған көңілді шоу бағдарламалар балалардың ерекше ықыласына бөленіп, мерекенің сәнін келтірді. Қатысушылар би билеп, ойындарға белсене қатысып, көтеріңкі көңіл-күйге бөленді.
Мереке соңында балаларға арнайы сыйлықтар табысталып, тәтті дәмдер ұсынылды. Шара бүлдіршіндерге шаттық пен қуаныш сыйлап, олардың жарқын күлкісі мен бақытты жүздері мерекенің басты көрінісіне айналды.
Аталған қайырымдылық және мерекелік шараның өтуіне AMANAT партиясы, Respublica партиясы, Жетісу жастар орталығы және өңірдің жанашыр меценаттары демеушілік қолдау көрсетіп, балаларға арналған сыйлықтар мен мерекелік тартулар ұсынды.
«Балалық – бақыт бастауы» атты мерекелік кеш балаларға ұмытылмас әсер қалдырып, олардың көңілдеріне қуаныш пен мейірім ұялатқан тағылымды әрі жарқын шара болды.