
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Жетісу облысы Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақ зағиптар қоғамы қоғамдық бірлестігінің клубында «Ынтымақ – достық кепілі» атты мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шара барысында оқырмандар назарына бірлік, татулық және достық тақырыптарын қамтитын кең көлемді кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеге қойылған әдебиеттер қатарында Қазақстан халқының бірлігі, ел ішіндегі бейбітшілік пен келісім, түрлі этностар арасындағы өзара сыйластық жайлы мазмұнды кітаптар орын алды.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, ерекше әсерлі өтті. Шараға қатысушылар мен оқырмандар сахна төріне шығып, ән шырқап, поэзиялық шығармалар оқып, өз өнерлерін ортаға салды. Әрбір орындалған шығарма достық пен бірлікті дәріптеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.