Музей қоры соғыс ардагері Алтынай Есболатованың жәдігерлерімен толықты

Музей қоры соғыс ардагері Алтынай Есболатованың жәдігерлерімен толықты

      2026 жылғы 22 сәуірде Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне «Паровоз апа» деген атпен танымал Ұлы Отан соғысының ардагері Алтынай Есболатованың ұрпақтары келді. Іс-шара барысында ардагердің қыздары – Замзагүл Есболатова мен Қыз Жібек Ержікенова анасының өмірі мен еңбек жолы туралы естеліктерімен бөлісті. Кездесу барысында оның Жеңіске қосқан үлесі мен өмір жолындағы қиын кезеңдер туралы мәліметтер ұсынылды. Алтынай Есболатова І дәрежелі Отан соғысы орденімен, сондай-ақ «Сталинградты қорғағаны үшін», «Қырымды азат еткені үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Оның өмір жолы мен ерлігі ерлік пен жанқиярлықтың үлгісі болып табылады. Соғыс жылдары ол жастайынан паровоз машинисі ретінде Қазақстаннан Сталинград қаласына қару-жарақ пен әскери қызметшілерді тасымалдаған. Кейіннен Сталинградтан Мәскеу қаласына неміс тұтқындарын жеткізу жұмыстарына қатысқан. Іс-шара аясында ардагердің ұрпақтары музей қорына оның өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен фотоматериалдарды табыстады. Жақын арада аталған жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылады. Музей қызметкерлерінің айтуынша, мұндай материалдар ерекше тарихи құндылыққа ие және соғыс ардагерлерінің ерлігін келешек ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқарады.