С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында «Дін – ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға Жетісу облысының Дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығының» маман-теологтары Булекбаев Ерік Аманкелдіұлы мен Нұржан Бауыржанұлы және студенттер қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың діни сауаттылығын арттыру, дінді дұрыс түсінуге бағыт беру және теріс ағымдардың алдын алу.
Іс-шараның басында қатысушылар назарына тақырыпқа байланысты бейнеролик ұсынылды. Бейнероликте діннің адам өміріне әсері, оның тәрбиелік мәні, сондай-ақ дінді теріс түсінудің салдары көрініс тапты. Бұл көрініс қатысушыларды ойландырып, тақырыпқа деген қызығушылықты арттырды.
Одан кейін сөз кезегі теолог мамандарға берілді. Мамандар баяндамасында діннің шынайы мазмұнын дұрыс түсінудің маңыздылығына тоқталды. Олардың айтуынша, діни сауатсыздық – радикалды идеологиялардың таралуына жол ашатын негізгі себептердің бірі. Сондықтан әрбір адам дінді терең әрі дұрыс түсініп, оны дәстүрлі құндылықтармен ұштастыра білуі қажет.
Кездесуде радикалды ағымдардың белгілері, олардың қоғамға тигізетін зияны және олардан сақтану жолдары жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, күмәнді діни ақпараттарға сенбеу, тек ресми және сенімді дереккөздерге жүгіну, діни мәселелер бойынша білікті мамандардан кеңес алу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер арқылы таралатын діни мазмұндағы ақпараттарға сын көзбен қарау керектігі ерекше атап өтілді.
Студенттер тарапынан қойылған сұрақтар да негізінен діни сауаттылыққа қатысты болды. Олар радикалды идеологиялардың жастарды қалай тартатыны, олардың психологиялық әсер ету тәсілдері және одан қорғану жолдары туралы қызығушылық танытты. Теолог маман бұл сұрақтарға нақты мысалдар арқылы жауап беріп, әрбір азаматтың сыни ойлау қабілетін дамытуының маңызын жеткізді.
Шара барысында діннің негізгі мақсаты – адамды ізгілікке, бейбітшілікке және адамгершілікке тәрбиелеу екендігі баса айтылды. Ал радикалды ағымдар осы құндылықтарды бұрмалап, қоғамға іріткі салатыны түсіндірілді. Сондықтан діни сауаттылық – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды фактор екені атап өтілді.
Қорытындысында, бұл дөңгелек үстел жастардың дұрыс діни көзқарасын қалыптастыруға, оларды радикалды ағымдардың ықпалынан қорғауға бағытталған маңызды алаң болды.