Жетісу өңірінде қазақтың кемеңгер ойшылы, сыршыл ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлы мұрасын ұлықтауға арналған IV облыстық «Шәкәрім оқулары» байқауы өтті. Тағылымды шараны Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасы ұйымдастырған шараның мақсаты – жас ұрпаққа ақын шығармашылығын кеңінен насихаттау, ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттыру.
Байқауға облыстың әр аудан, қалаларынан келген 5–8 сынып аралығындағы оқушылардан 11 қатысушы қатысып, өздерінің білімдері мен өнерлерін ортаға салды. Қатысушылардың өнер додасы екі кезең бойынша өрбіді.
Алғашқы кезең «Өлең үйіріліп көкейіңе ұйып жатсын» деп аталып, оқушылар Шәкәрім Құдайбердіұлы өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқыды. Бұл кезеңде қатысушылардың сөз саптауы, дауыс ырғағы, сахна мәдениеті мен көркем оқу шеберлігі ерекше бағаланды.
Екінші кезең «Білімдіден білімді озар жарысқанда» тақырыбында өтіп, бірінші кезеңнен іріктелген үздік оқушылар ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді. Бұл бөлімде олардың білім деңгейі ғана емес, ойлау қабілеті, зеректігі мен әдебиетке деген шынайы қызығушылығы айқын көрінді.
Әділқазылар алқасы әр кезең бойынша қатысушылардың орындау шеберлігіне, сахна мәдениетіне және білім деңгейіне айрықша мән беріп, әділ бағаларын ұсынды.
Байқау қорытындысы бойынша:
Қаратал ауданының оқушысы Жасбатыр Жанәділ Сәрсенұлы І орынды жеңіп алып, республикалық кезеңге жолдама алды.
ІІ орынды Панфилов ауданы, Көктал ауылының оқушысы Махмуд Марлан Тулытемірханұлы иеленсе, ІІІ орын Ақсу ауданының оқушысы Қызыр Жанеркеге бұйырды. Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар, ерекше көзге түскен қатысушылар түрлі номинациялармен марапатталып, белсенділік танытқан оқушылар мен олардың жетекшілеріне алғыс хаттар табысталды.
Аталған байқау жас ұрпақтың рухани дамуына серпін беріп, Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығына деген қызығушылықты арттыра түсті. Қатысушылар өздерінің білімдері мен шығармашылық қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетіп, көрермендердің зор ықыласына бөленді.