Облыстық музейде ұлттық киімге арналған тағылымды көрме ұйымдастырылды

Облыстық музейде ұлттық киімге арналған тағылымды көрме ұйымдастырылды

«Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» деген дана сөздің мәні бұл шарада айрықша айқындалғандай. Қазақтың ұлттық киімі – тек тұрмыстық бұйым емес, ол – халқымыздың талғамы мен танымын, тарихы мен болмысын айшықтайтын өнер туындысы. Ерте замандарда ата-бабаларымыз киім арқылы адамның әлеуметтік мәртебесін, дәулетін, шыққан тегін, тіпті жас шамасын да аңғарған.

Бүгінде ұлттық киімге деген қызығушылық артып, ол заманауи өмірдің сәніне айналып отыр. Ерлер мен әйелдерге арналған шапан, камзол, тақия, бөрік, орамал сынды киімдер кең сұранысқа ие. Соның ішінде қазақ әйелдерінің нәзіктігі мен инабаттылығын бейнелейтін кимешектің орны ерекше. Кимешек – тек бас киім ғана емес, ол әйелдің өмір жолын, қоғамдағы орнын, өңірлік ерекшелігін танытатын терең мағыналы мәдени мұра.

18 наурыз – елімізде «Ұлттық киім күні» ретінде аталып өтеді. Наурызнама онкүндігі аясында бұл күні республика көлемінде түрлі шаралар, көрмелер мен шерулер ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтар ұлықталады.

Осыған орай, Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Ұлттық киім – ұлттық дәстүр» атты көрменің ашылуы өтті. Көрме барысында келушілер кимешектің алуан түрімен танысып, қазақ әйелдерінің рухани әлемі, отбасындағы рөлі мен эстетикалық талғамы туралы тың мәліметтер алды.

Тағылымды шараны Талдықорған қаласындағы №1, №2, №4 және №6 орта мектептердің оқушылары тамашалап, ұлттық мұраға деген қызығушылықтарын арттырды. Көрме жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ата дәстүрге деген құрметті тереңдете түсті.