
16 наурыз – елімізде «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» ретінде атап өтіледі. Бұл күн – халқымыздың сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін, ұлттық болмысымызды айшықтайтын ерекше мереке.
Осыған орай, Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Ұлттық рухтан – жаңашылдыққа» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Көрме барысында жасанды интеллект көмегімен қазақ халқының дәстүрлі тұрмыстық бұйымдарының шығу тарихы, олардың ұлттық дүниетанымдағы орны туралы мәліметтер ұсынылды. Сондай-ақ, бұл бұйымдардың бүгінгі заманмен сабақтастығы көрсетіліп, заманауи баламалары таныстырылды.
Шара барысында музей қызметкерлері көрме экспонаттары жайлы кеңінен таныстырып, ұлттық құндылықтардың маңыздылығына тоқталды.
Көрмені Талдықорған қаласындағы № 1, № 2 және № 4 мектептердің оқушылары тамашалап, ұлттық мұрамен танысып, ерекше әсер алды.