Әлихан Бөкейхановтың туғанына 160 жыл толуына орай «Алаштың ардақтысы - Әлихан Бөкейхан» оқырман конференциясы өтті

Әлихан Бөкейхановтың туғанына 160 жыл толуына орай «Алаштың ардақтысы - Әлихан Бөкейхан» оқырман конференциясы өтті

Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Жастар» орталығымен бірлесіп, қазақ халқының ұлт азаттығы жолындағы күресінің көрнекті тұлғасы, қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына орай «Алаштың ардақтысы – Әлихан Бөкейхан» атты оқырмандар конференциясы өткізілді.

Конференция барысында кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған «Алаштың ардақты перзенті» атты кітап көрмесі таныстырылып, көрмеге қойылған тарихи, ғылыми және танымдық еңбектерге шолу жасалды. Көрмеде Алаш қозғалысының тарихы, Әлихан Бөкейханның өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі мен ғылыми еңбектері жайлы құнды деректер ұсынылды. Сонымен қатар қатысушылар назарына «Әлихан мұрасы – мәңгілік мұрат» атты мазмұнды бейнеролик ұсынылып, онда Алаш көшбасшысының өмірі мен ел болашағы үшін атқарған қызметі кеңінен қамтылды.

Конференцияға арнайы шақырылған қонақтар – І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушы-дәріскері, тарих ғылымдарының кандидаты Буланов Ержан Олжабайұлы, «Авиценна» медициналық колледжінің тарих пәнінің оқытушысы Жүнісов Мәжікен Адамұлы және №27 орта мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Мұқсипа Аяжан Нұрқатқызы сөз сөйлеп, Әлихан Бөкейханның ел тарихындағы ерекше орны туралы мазмұнды баяндама жасады.

Спикерлер өз сөздерінде Алаш көсемінің халқының азаттығы мен өркениетті болашағы жолында аянбай еңбек еткенін, ұлт бірлігі мен білімнің маңызын жоғары бағалағанын атап өтті. Сондай-ақ Әлихан Бөкейханның публицистикалық, ғылыми еңбектері мен саяси көзқарастары бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпағанын, оның ұлт мүддесін қорғаудағы батылдығы мен қайсарлығы жас ұрпаққа үлгі екенін ерекше атап өтті.

Конференция соңында Алаш қайраткерінің саяси-әлеуметтік және ғылыми мұрасын қадірлеп, оны терең зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу – бүгінгі буынның қасиетті парызы екені атап өтілді. Ұлтқа адал қызмет етудің биік үлгісін көрсеткен Әлихан Бөкейханның өмір жолы мен өнегесі жас буынды білімге ұмтылып, туған елінің шынайы патриоты болуға, Отанға адал қызмет етуге үндейтіні айтылды.

Аталған шараға зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, ұстаздар мен қала жастары қатысып, рухани маңызы зор басқосуда тағылымды ой-пікірлерімен бөлісті.