Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалымен бірлесіп, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Жыр мен гүл» атты еркін форматтағы поэзиялық кеш өтті.
Шара аясында кітапхана қорынан «Ана – мәңгілік шырақ» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге ана тақырыбын арқау еткен көркем шығармалар, ақын-жазушылардың өлеңдері мен әдеби туындылары қойылды. Көрме оқырмандарды ана қадірін ұлықтайтын әдебиеттермен таныстырып, әдеби мұраның мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Кеш барысында модератор әдебиет пен поэзияның өмірдегі маңызын атап өтіп, ақын Төлеген Айбергеновтің ана тақырыбына арналған әсерлі жыр жолдарын оқып, жиынның мазмұнын аша түсті.
Мерекелік кешке Жетісу өңірінің белгілі ақын-жазушылары мен қаламгерлері қатысты. Олардың қатарында жазушы-драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Лидия Егембердиева, жазушы Нұрилә Бектемірова, балалар ақыны Жұмабала Балақаранова, ақындар Гүлнар Демеуова, Роза Жылқайдарова, Гүлбақыт Қасен, Сағыныш Намазшамова, Сәрби Әйтенова, Ақбөпе Жиенқұлова, Торғын Тұрлыбаева, Зылиха Әуезова, Зирагүл Нұрданбек, жас ақын Лида Жанбота, Қарагөз Сейітжанқызы және журналист-жазушы Айнаш Қасенова болды.
Шара барысында ақындар бір-біріне арнау өлеңдерін оқып, «Сұлулыққа сұлу сөз» атты поэзиялық бөлімде жүрек тербейтін жырларымен бөлісті. Сондай-ақ Жетісу облысының Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының әншісі Альмира Мусапирова аналарға арналған «Ана» әнін орындап, кештің көркін ашаса, Мәдениет саласының үздігі Гүлбану Лахаева да «Гүл сыйлашы» атты әнін тарту етті.
Кеш барысында әдебиет пен мәдениет саласына сүбелі үлес қосқан жазушы, драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Лидия Егембердиева мерейлі 75 жасымен құттықталып, құрмет көрсетілді. Мерекелік жиын жылы лебіздер мен әсем ән, әсерлі жырларға толы болып, поэзия мен өнерді қадірлейтін қауымға ерекше рухани әсер сыйлады.