Барлыбек Сырттанұлының 160 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті

Барлыбек Сырттанұлының 160 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті

Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Алаш қайраткері, реформатор Барлыбек Сырттанұлының 160 жылдығына арналған «Ұлт көшбасшысы: Тәуелсіздік жолындағы тағдыр» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге ғалымдар, Талдықорған қалалық мектептерінің тарих пәндерінің мұғалімдері, музей мамандары, өлкетанушылар, Талдықорған қаласы құрылыс-техникалық колледжінің студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.

Тарих ғылымдарының кандидаты, PhD доктор, тарих ғылымдарының кандидаты Еркін Стамшалов; Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан тарихы кафедрасының ассистент-профессоры Хасанаева Лейла Маралқызы; Жетісу университетінің тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушы-дәріскері, магистр Хуанган Өнербек; ҚР Орталық мемлекеттік архиві Әлеуетті зерттеулер орталығының жетекшісі міндетін атқарушы, PhD докторант Рамазан Әбілдосұлы  өз баяндамаларын оқыды.

Шара барысында Барлыбек Сырттанұлының өмір жолы, қызметі, ұлт жолындағы игі істері жан-жақты сараланып, оның ел тәуелсіздігі жолындағы қажырлы еңбегі мен саяси-қоғамдық көзқарастары кеңінен насихатталды. Сонымен қатар қайраткердің қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы тарихи рөлі, құқықтық мемлекет құру жөніндегі идеялары мен ағартушылық қызметі туралы тағылымды ойлар ортаға салынды.

Талдықорған қалалық № 25 Барлыбек Сырттанов орта мектебінің директоры, білім магистрі Ибраймова Рахат Нығметбекқызы, Ақсу ауданы Барлыбек Сырттанов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақсубаева Раушан Жұмағалиқызы арнайы келіп, жылы лебіздерін білдірді. Келген қонақтар «Ұлт мұраты жолындағы жетісулық Алаш зиялылары» атты жылжымалы көрмені тамашалады.